424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлттық Банк жанынан ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет құрылады

  • 131
  • UPD: 23:03, 29.10.2020

Ұлттық Банк ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын әзірлеп жатыр. Қаралған шаралар жүйелі және ұзақ мерзімді экономикалық және қаржылық дамуға оң әсерін тигізеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ақша-несие саясатын одан әрі дамытуды айтқан болатын. Осыған байланысты Ұлттық Банк жанынан ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет құрылады.

Теңгеге сенім – қаржы-кредит саясатының дамуына жол ашады. Инвесторлар да іркілмей келер еді. Ұлттық Банк әзірлеген стратегия осы ақша-кредит саясатын тиімді іске асыруға кедергі болып отырған проблемаларды жойып, теңгеге деген сенімді арттырады. Сондай-ақ тұрақты инфляцияны қамтамасыз ету арқылы ел экономикасына тартылатын ұзақ мерзімді инвестицияларға қолайлы орта қалыптастырады.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары:

- Президенттің тапсырмасы бойынша 2020 жылдың соңына дейін Ұлттық Банк жанында Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет құрылатын болады. Бұл алқалы органның басты міндеті базалық ставка мен оның дәлізінің мөлшері жөнінде шешім қабылдау болып табылады. Орта мерзімді перспективада оның құрамына тәуелсіз мүшелер кіреді.

Бұл комитеттті құру кезінде дамыған елдердің жетекші банктерінің тәжірибесі ескеріледі. Білікті сарапшы мамандардың пікірі тыңдалды. Комитет мәртебесі заңмен бекітіледі. Ол тек талқылау алаңы емес, нақты шешім қабылдайтын құзырлы ұйым болмақ.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары:

- Бұл өз алдына бөлек орган емес. Бұл Ұлттық банк жанындағы алқалы ұйым болады. Комитет ақша-кредит саясатының негізгі құралдарымен жұмыс істейді. 

Комитет көп ұзамай құрылып, қызметін бастайды деп жоспарланып отыр. Жалпы қаржы-кредит саясатының жаңа сипатта дамуы – бұл елдегі инфляция деңгейін төмендетуге септігін тигізіп, төл теңгенің құндылығына деген сенімді арттырмақ.

Авторлар: Ақсәуле Байменшина, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы