425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Кореяның Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы 7 млрд доллардан асты

  • 129
  • UPD: 22:05, 30.10.2020

Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулдегі экономикалық форум қатысушыларына арнаған бейнеүндеуінде айтты.

Владислав Цой, тілші:

- Маска тағу, дезинфекциялық құралдың болуы мен қатысушылар арасындағы қашықтықтың сақталуы. Мұның бәрі Сеулде өтетін конференциялар үшін әдетке айналған дүние. Жалпы форумға Еуразия мемлекеттері атынан тек елшілер қатысты. Алайда осы жиында қатысушыларға арнайы үндеу жасаған Президенттер де болды. Соның бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кореяның Қазақстан экономикасына құйған инвестициялар көлемі 7 миллиард доллардан асты. Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан екіжақты тауар айналымы артып келеді. Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтудың әлеуеті әлі де орасан зор. Қазақстан кореялық инвесторлар үшін арнайы әзірленген құралдарды ұсынуға әзір. Бұл ретте салық және кеден артықшылықтары, жобаларды қоса қаржыландыру, экспортты қолдаудың ішінара кепілдіктері мен тетіктерін айтуға болады.

Жиында Нобель сыйлығының лауреаты, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт та сөз сөйледі. Ол Вашингтондағы үйінен тікелей байланысқа шықты.

Мадлен Олбрайт, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы:

- Қазір әлем жұрты коронавирус пен АҚШ-тағы президенттік сайлау нәтижелеріне алаң. Себебі сайлау қорытындысы бойынша көптеген нәрсе өзгеруі мүмкін. Қайткен күнде де бүгінде әлемдік қауымдастықты алаңдатын үш-ақ нәрсе бар. Олар: деннің саулығы, қоршаған ортаның тұрақтылығы мен тепе-теңдік.

Ким Ен Джу, Корея халықаралық сауда қауымдастығының президенті:

- Пандемиядан кейін толықтай автоматтандырылған өнеркәсіп пен сандық экономика дәуірі орнайды. Жасанды интеллект, роботтар қазіргіден әлдеқайда жылдамырақ болады. Сөзімді Орталық Азия ойшылы – Абайдың: «адамзат махаббатқа, бірлік пен батыл іс-әрекетке мұқтаж» деген сөздерімен аяқтағым келеді. Себебі 175 жыл бұрын дүниеге келген ойшылдың бұл даналығы дағдарысты жеңудің кілті деп ойлаймын.

Владислав Цой, тілші:

- Коронавирустық пандемия жағдайында халықаралық конференция осылай өтуде. Мұнда Оңтүстік Кореяның 120 компаниясының өнімдері ұсынылған. Жергілікті бизнесмендер Еуразия елдерінің кәсіпкерлерімен де онлайн келіссөздер жүргізуде.

Конференция барысында қатысушылар бизнестері жайлы айтып, серіктестерін өз кәсібімен толығырақ таныстырды. Тіпті арнайы құрылғы арқылы 3D режимінде әріптестеріне өз кәсіпорындарын көрсетті.

Ким Джу ен, компания менеджері:

- Біз дәнді дақылдарды өңдейтін жабдық шығарамыз. 2016 жылы ауыл шаруашылығы көрмесіне қатыстық. Ал өткен жылы біздің жабдықтар орнатылған зауыт іске қосылды. Бүгінде Алматы қаласында біздің өкілдігіміз бар. Менің ойымша, ол біздің бизнесімізге септігін тигізеді.

Президент Мун Чже Ин атап өткендей, коронавирус ынтымақтастыққа кедергі емес. Керісінше, Корея мен  Еуразия елдері арасындағы қарым-қатынастың жаңа дәуірі басталып отыр. Мәселен, соңғы үш жылда мемлекеттер арасындағы тауар айналымы жылына орта есеппен 15%-ке артып келеді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы