425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тиімді трейд-ин: жамбылдық шаруалар ескі техниканы жаңасына ауыстырып жатыр

  • 82
  • UPD: 05:34, 03.11.2020

Жамбыл облысының шаруалары қолданыста 40 жыл болған ескі ауылшаруашылық техникаларын жаңасына ауыстырып алып жатыр.

Олар «Трейд ин» бағдарламасына қатысып, агромашиналарға лизинг арқылы оңай қол жеткізеді. Еліміз бойынша алғаш рет қолға алынған жоба аймақтың ауыл шаруашылығындағы техникалық базаны жаңартып, өнідімділікті еселеуге бағытталып отыр.

Жамбыл облысында 18 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. Бүгінде оның 80 проценті ескіріп, әбден тозығы жетіп тұр. Бұл аймақ алқаптарындағы еңбек өнімділігіне кері әсерін тигізіп келеді. Өзекті мәселені шешу бағытында жаңа «Трейд ин» бағдарламасы іске қосылды. Жоба шарты қарапайым әрі қолайлы. Жаңа трактор алу үшін ескіңізді өткізесіз. Ал оның ақшасы алғашқы жарна ретінде есептеледі. 

Олжас Қаржауов, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ төрағасы:

- Орташа есеп ескі трактордікі 2 миллион шамасында. Ал жаңа сатып алатын тракторлардың бағасы орташа құны 10 миллион шамасында. Яғни қалған 8 миллион қарыздары қалады. Және оған екі жарым миллиондай субсидия қосылады. Қалған 6,5 миллиондай 5 жылға 5 процентпен кәсіпкерлерге беріп жатырмыз. 

Қабылданған ескі тракторлар жерде қалмайды. Олар толықтай жөндеуден өткізіледі. Кейін дәл осы сияқты лизингпен қайта беріледі. Мамандар оның құны шамамен 2,5 миллион теңгенің көлемінде болады деп болжап отыр. Осы арқылы облыстың техникалық базасын жаңғыртылып, шығындарды мейлінше азайту көзделген. 

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

- Биыл ең кем дегенде осындай 100 ескі тракторды тапсыруымыз керек. Сөйтіп, 100 жаңа техника алуымыз керек. Қазіргі таңда тракторы бар, комбайны бар, көлігі бар біз 100-ге жуығын алдық. Оған қосымша мынадай ілетіндерден 190 дайын алдық. Біз енді республикада бірінші болып мынадай ескі техниканың бәрін жинаймыз. Бірінші тракторларды жинаймыз. 

Аймақ басшысының айтуынша, облыстағы барлық ескі агромашиналар алдағы 4 жылда толықтай жаңартылады.  

Авторлар: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы