425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дан шығарылатын өсімдік майының бағасы қымбаттады

  • 109
  • UPD: 05:29, 03.11.2020

Шығыс өңірде күнбағыс майы 20-25 процентке қымбаттады. Бұған дейін өнімнің литрі 375 теңгеден саудаланып келсе, қазір кей жерде 600 теңгеге жеткен. Жауапты мамандар  бағаның  құбылуын күнбағыс құнының өсуімен  байланыстырады. Өңірдегі шаруалар майлы дақылдың бір тоннасын бүгінде 170-180 мың теңгеге дейін көтеріп жіберген. Тіпті өзге елдерге мұнан жоғары бағаға экспорттап жатыр. Сондықтан  май шығаратын зауыттар  шаруалардың ұсынған бағасына көнуге мәжбүр. Дегенмен, отандық өнімнің бірден шарықтап кетуіне тағы қандай себеп болуы мүмкін? 

- Мынау міне Өскеменіміздің, өзіміздің зауыттың майы. Май зауытынан аламыз. Екі есе қымбаттап кетті. Кезінде 450 теңге болды. Қазір 660-қа көтерілді. 

Өскеменнің өзінде ғана емес, өзге өңірлерде  өндірілген майлардың сорты мен түріне қарай бағасы екі есеге өскен.

Базардағы саудегерлердің айтуынша, соңғы бір айда біртіндеп қымбаттаған. Ал есесіне еліміз бойынша күнбағыстың 90 проценті шығыста өсіріліп өңделеді.  Биылғы қуаңшылыққа қарамастан аймақтағы аграрийлер 500 мың тоннадан аса өнім жинаған. 

Владимир Гайламазян, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Биыл күнбағыстың өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда әжептеуір көп. Яғни бүгінгі мәлімет бойынша 10-15 проценкте артық жиналды. 

Артық жиналғанымен май шығарудың машақаты көп болып тұр. Бағаның өсуін Өскемен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары шикізат құнының өсуімен байланыстырады. Яғни шаруалар күнбағыстың бағасын 70 процентке көтеріп жіберген. 

Гасан Тұрғанбаев, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы  бөлімінің басшысы:

- Жыл басынан бері күнбағыстың  келісі 115-120 теңгеге сатылды. Ал  дайын өнім ретінде өсімдік майының  литрі  280-нен  330 теңгеге дейін  саудаланды. Қазір шикізаттың келісі 160-тан 170 теңгеге жетті. Енді майдың бағасын өзіңіз есептей беріңіз. 

Еспетей келіп, шаруалар биыл күнбағыстың бір тоннасын бастапқыда 140 мыңнан саудаласа, қазір тағы көтерген. Алексей Дель биыл 1,5 мың тонна күнбағыс жинаған. Шаруаның айтуынша, бұл өткен жылдармен салыстырғанда 35 процентке аз. Жинаған өнімі шығынын жабу үшін бағаны өсіруге мәжбұр болған.

Алексей Дель, шаруашылық  жетекшісі:

- Жағармайдың литрі 187 теңге.  Ал бір тонна күнбағысты сатқан қаржыға дәл сондай жағармай алу мүмкін бе? Бір литр майдың бағасы 500 теңге тұрады делік.  Бізге 500 тонна дизель отыны қажет. 

Осы саладағы сарапшылардың айтуынша, жанармай бағасының өсуі күнбағыстың қымбаттауына әсер етпейді. Тіпті май шығаратын зауыттар шикізат жетпейтіндіктен Еуразиялық экономикалық одақтағы елдерден қымбатқа тұқым сатып алуға мәжбүр. Бірақ оған қарамастан бүгінде елде жиналған күнбағыстың 64 проценті Қытай мен Өзбекстанға экспортталып отыр. Сондықтан май шығаратын зауыт өкілдері экспортқа кететін шикізатқа салынатын баж салығын өсіру керек деп санайды. 

Татьяна Костина,  май зауытының қаржы директоры:

- Мәселен, Ресей Федерациясында сол елдің шаруалары майлы тұқымдарды экспортқа шығарса, онда 7  процентке дейін баж салығы бар. Барлық мемлекет өз нарығы мен шикізатын осылай қорғауы керек. Ал біз май өңдейтін зауыттарды салып, шикізат емес дайын өнім экспорттасақ ұтамыз. 

Экспорттан ұтпас бұрын халықтың қалтасын ішкі нарықтағы майдың бағасы қағып барады. Ол қазіргідей көтерілген қалпында қала ма жоқ па, тағы  қосыла ма, әзірше ешкім нақты айта алмайды. Ал халықтың  қаржысы базардағы бағаға тәуелді. 

Авторлар: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы