425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкентте жасалған өкпені желдету аппаратының алғашқы легі таратылды

  • 84
  • UPD: 05:23, 03.11.2020

Шымкентте өкпені жасанды желдету аппаратының сериялық өндірісі іске қосылды. 88 қондырғы дайын болды. Алғашқы легі қаладағы медициналық мекемелерге таратылды. Науқастар үшін бұл аппараттың маңызы өте зор.

Сондықтан жыл соңына дейін инновациялық өндірістің көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Қазір шаһарда коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындық қызу.

Бұл Шымкент қаласында шығарылған өкпені жасанды желдету аппаратының алғашқы легі. Қазақстандық, жапондық және американдық мамандардың бірлескен жұмысы.

«Қиын сәттер артта қалды. Енді тек өндіріс көлемін ұлғайтуды ғана жоспарлап отырмыз» дейді мамандар.

Қаныбек Қанатбекұлы, «Kazmedpribor Holding» компаниясының директоры:

- Бұл құрылғы науқастарды үздіксіз оттегімен қамтамасыз ете алатын турбина технологиясына негізделген. Сіз оттегіні орталық газбен жабдықтаудан бөлек оттегі баллонын да пайдалана аласыз. Біз биылғы жылдың соңына дейін осындай 500-ден астам өкпені жасанды желдету аппаратын шығара аламыз.

Мұнда басымдық ішкі нарыққа беріледі. Құрылғыға қажетті бөлшектердің шамамен 60%-і жергілікті жерде өніріледі. Қалғаны сырттан әкелінеді. Бүгін шаһар басшысы Мұрат Әйтенов отандық өнірушілердің жоспарымен танысты. Қазір қала коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындалуда. Денсаулық сақтау саласын қолдау мақсатында жергілікті қазынадан 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Оған медициналық жабдықтар сатып алынып, оттегі көздерінің саны көбейтілуде. Сондай-ақ жедел жәрдем қызметінің жұмысы жүйелендірілген. 

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Бұл мекеме тек ИВЛ шығармайды. 300-ге жуық медициналық құрал-жабдық шығарады. Тағы да 200-ге жуық керекті құрал-жабдыққа тапсырыс бердік. Біз сапалы медициналық қызмет көрсету үшін осындай үлкен жұмыстарды атқарып жатырмыз.

Қазір Шымкент қаласында эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Мыңнан астам төсек-орын жасақталған. Егер қажеттілік туындап жатса мұның санын күніне бес есеге дейін арттыруға болады.

Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмуратов

Хабар 24 телеарнасы