422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Неміс кәсіпкерлері: Қазақстан - бизнес жүргізуге тиімді ел

  • 114
  • UPD: 22:02, 07.11.2020

Германияда қазақ-неміс бизнес-форумы өтті.

Жиын барысында шетелдік инвесторларға еліміздің әлеуеті мен бизнес жүргізуге қолайлы мүмкіндіктері таныстырылды. Бірқатар меморандумға да қол қойылды.

Баден - Вюртемберг-Германияның экономикалық дамыған аймақтарының бірі. Мұнда танымал неміс концерндерінің кеңселері орналасқан. Көбінің Қазақстанда да өкілдіктері бар. Жаңа инвесторларды тарту үшін бизнес-форумды осы Баденге қарасты Шванау қаласында өткізу туралы шешім қабылданды. Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мұнда алғаш рет таныстырылып отыр. Локдаун мен карантиндік шараларға қарамастан, бұл форумға немістің 40 компаниясының басшылары қатысты.

Алмас Айдаров, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Қазақстан Президенті Германияға жасаған соңғы сапарында неміс бизнесі үшін жеке жұмыс тобын құруды тапсырғанын білесіздер. Бұл - біздің жұмысымыздың жаңа форматы. Бұл бір елге қатысты жеке жұмыс тобы құрылған ерекше жағдай. Енді міне осы жұмыс аясында форум өткізіп жатырмыз.

Бүгінде әлемде инвестициялар көлемі қысқарып жатқанына қарамастан, неміс кәсіпкерлері Қазақстанға инвестиция құюға дайын. Сондықтан екіжақты кездесулердің басты тақырыбы жаңа жобаларға арналды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, тау-кен өндірісі, машина жасау салалары бар.

Алмас Айдаров, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Біз жыл сайын Германиядан 400 млн тікелей инвестиция аламыз. Бұл деңгейді ұстап тұру біз үшін өте маңызды. Себебі инвестициялар негізінен өңдеу өнеркәсібіне құйылып жатыр. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылады, табысымыз артады және жаңа инновациялық технологиялар енгізіледі.

Форум аясында Қазақстан делегациясы екі неміс компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Олардың бірі Ақмола облысында трактор жинауды жоспарласа, екінші компания Қазақстанның үш қаласында медициналық клиникалар ашады. Дәрігерлерімізді Германияда оқытуды да көздеп отыр.

Герд Рагер, «MDX INTERNATIONAL GMBH» компаниясының басқарушысы:

- Кәсіби кадрлардың білім алуына үлкен көңіл бөлмекпіз. Сондықтан қазақстандық дәрігерлер Германияға тәжірибеден өтуге келеді. Бізде қазір 50 клиникадан тұратын медициналық мекемелер желісі бар. Сол жердегі мамандар Қазақстаннан келген қызметкерлермен өз тәжірибесімен бөліседі.

Отто Хоффман, кеңесші:

- Бұл орталықтың ерекшелігі – дәрігерлер Еуропада жұмыс істейтін болады. Бұдан бөлек, жыл сайын 150-ге жуық қазақстандық дәрігер Германияда 12 айлық қайта оқытудан өтеді. Олар өздерінің біліктілігін арттырып қана қоймай, еуропалық деңгейде жалақы алады. Кейін Қазақстанда салынатын ауруханаларда жұмыс істейді.

Неміс кәсіпкерлерінің айтуынша, Қазақстан - бизнес жүргізуге тиімді ел. Сондықтан пандемия кезінде де тараптар бірлескен жобаларды белсенді түрде пысықтауды жалғастырып келеді. Енді бір айдан кейін Берлинде серіктестердің кезекті кездесуі өтеді.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы