423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан мен Түркия арасында бірқатар инвестициялық келісімге қол қойылды

  • 150
  • UPD: 12:32, 10.11.2020

Елімізде логистикалық орталық, сауда және ойын-сауық кешені, газ-электр пештерін өндіретін зауыт пен жылыжай салынады. Ыстамбұлда өткен Қазақстанның инвестициялық жиынында осындай бірнеше келісімге қол қойылды. Кеңеске Түркияның 30-дан аса ірі компанияларының басшылары қатысты. Кәсіпкерлер қазақ елімен әріптeстік аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.

Инвестициялық мүмкіндіктер елі Қазақстан: сенім, тұрақтылық және табыс. Ыстамбұлдағы жиын осындай тақырыпта өтті. Түріктің белді бизнесмендері Қазақстанға инвестиция құюға ниетті. Солардың бесеуі қазақстандық әріптестерімен нақты жобаларды жүзеге асыру үшін ресми келісім жасады. 

Пандемияға қарамастан жалпы құны 160 млн долларды құрайтын 5 жаңа инвестициялық құжатқа қол қойылды. Инфрақұрылым, машина жасау, тамақ және ағаш өңдеу сияқты салалар бойынша. Жоба 5 мыңнан астамды жұмыспен қамтиды. 

Алмас Айдаров, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- 30 жаңа жобаны жүзеге асыру үшін осы жиынды өткіздік. 5 құжатқа қол қойылды. Жалпы сомасы 160 млн доллар. Мебель өндіру саласында жаңа завод салынады. Электродтар жасау жобасы және алюминийден құрылыс материалдарын шығару жобасы жүзеге асады.  

Келісімге сәйкес, Нұр-Сұлтанда жаңа ойын-сауық және сауда орталығы салынады. Келесі жылы басталатын құрылысқа 3 мыңнан астам адам тартылмақ. Бұдан бөлек, Өскеменде жылу қазандығы іске қосылмақ. 

Энвер Илхан, инвестор:

- Өскеменнің Глубокое ауданындағы жылу қазандығын 2021 жылы қосуды жоспарлап отырмыз. Оған 10 млн доллар инвестиция салдық. Алдағы уақытта басқа да аймақтарда да жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Тиімді әрі қоршаған ортаны ластамайтын орталықтар - бұл қазіргі заман талабы. 

Сондай-ақ құны 50 млн долларлық 50 гектар алқапты қамтитын жылыжай келер жылы іске қосылады. Оның жанында көшет өсіретін арнайы орын да болады. 

Энвер Өзтүрік, инвестор:

- Қазақстанға салатын инвестицияның жалпы соммасы 52 млн доллар. Келесі жылдан бастап өндіріске кірісуді жоспарлап отырмыз. Органикалық таза көкөніс өсіріп, өңдейміз. Инвестициялық жоба толық іске қосылғанда 800 адам жұмыспен қамтылады. Өнімдеріміздің негізгі бөлігін Ресейге импорттауды көздеп отырмыз.  

Бүгінгі күнге дейін Түркия кәсіпкерлері елімізге 4 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Пандемияға қарамастан биылғы жылдың 8 айында тауар айналымы 2 миллиард АҚШ долларын құраған. Ал 2019 жылы елімізге құны 360 миллион долларға жуық түрік инвестициясы тартылған.

Хабар 24 телеарнасы