420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында бордақылау алаңдарынан 356 тонна ет экспортталған

  • 77
  • UPD: 22:27, 19.11.2020

Биыл Қостанай облысында мал сою және бордақылау алаңдарынан 356 тонна ет экспортталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір аймақта 40-тан астам мал семіртетін орын бар. Ең ірісі Қарабалық ауданында орналасқан. Мұнда 9 мыңдай бас бар. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті екі есе арттыру көзделген. 

Алмат Сәрсенгелдин бұқалардың кезекті легін тапсырып жатыр. 19 басты сонау Арқалықтан жеткізіпті. Жол алыс болғанымен, түсетін пайда ұшан-теңіз. Мал үшін тиімді баға тек осында бар дейді. Тірідей бір келі салмаққа 800 теңге сұрайды. Одан қалды мемлекеттің үстемақысы да бар

Алмат Сәрсенгелдин, шаруа:

– Тиімді. Әйтпесе тапсырмаймыз ғой. Мысалы, өзіміз бордақылаймыз. Сосын осы жаққа 300-400 килограмнан асқаннан кейін алып келеміз. Кейін субсидия аламын.

Бордақылау алаңы 200 келіден кем тартпайтын бұқаларды қабылдайды. Құнарлы азықпен салмақтары жарты тоннаға жеткізіледі. Тұқымның басым бөлігі – етті абердин-ангустар. Олармен бірге жеке және фермерлік шаруашылықтардың қара малы да семіртіліп жатыр.

Арман Есмұрзин, бордақылау алаңының директоры:

– Малды Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарынан қабылдаймыз. Батысқазақстандықтар да белсенді. Сол жақтан көптеп жеткізіледі. Қарағанды және Павлодар облысының шаруаларымен де тығыз байланыс орнаттық.

Аймақтағы ең ірі бордақылау алаңында жылда 30 мыңдай ірі қара бағылады. Өнімнің 70 проценті ішкі нарықты қамтамасыз етсе, қалғаны экспортқа жөнелтіледі.

Арман Есмұрзин, бордақылау алаңының директоры:

– Қазір экспортқа жол қайта ашық. Тірі малды Ресейге тапсыруды жалғастырамыз. Сонымен бірге Өзбекстанда келісімшарттарымыз бар. Қытайға да шықсақ дейміз.

Жақын арада модульді мал сою бекеті де осында ашылмақ. Жоба жүзеге асырылса, ауыл фермерлеріне малды қаладағы дәл осындай нысандарға тасымалдаудың қажеті туындамайды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы