427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шығысқазақстандық кәсіпкерлер үшін карантиндік шектеулер оңай болмай тұр

  • 130
  • UPD: 19:29, 24.11.2020

«Қызыл» аймақтағы шығысқазақстандық кәсіпкерлер үшін карантиндік шектеулер оңай болып отырған жоқ.

Дегенмен, сақтық шараларын орындай отырып, жұмысын ширатқандар да аз емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шемонаихалық Ержан Дакиев жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, оны көбейтуге күш салып жатыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытпаған іскер азамат осындай қысылтаяң шақта тұрмысы төмен отбасыларға да көмектесіп тұрады.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Шемонаихалық Ержан Дакиев осыдан тура бір жыл бұрын «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, жаңа кәсіпорын ашқан. Негізінен нан-тоқаш, кондитер өнімдерін шығарумен айналысады. Алғашында 65 адам еңбекпен қамтылса, сұраныстың артуына байланысты қосымша 12 тұрғын тағы жұмысқа алыныпты. Карантиндік сақтық шараларын бұлжытпай орындай отырып, жұмысын ширата білген кәсіпкер үйге жеткізіп беру қызметін де тиімді жүзеге асырып отыр.

Ержан Дакиев, кәсіпкер:

- Қауіпті індетке байланысты шектеулер де күшейіп тұр. Дегенмен, біз бұған қарамастан жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, керісінше, көбейтіп жатырмыз. Кондитер бұйымдарын шығаратын цехқа жұмысшылар керек, Оңтүстік өңірден келген ағайындарды да жұмыспен қамтыдық. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірмеуге тырысамыз. Өйткені осындай қысылтаяң шақта бірімізге біріміз жанашырлық танытуымыз керек.

Асылзат Қалжанова Шемонаиха қаласына «Еңбек» бағдарламасы арқылы Қызылорда облысынан көшіп келген. Қазір жаңадан ашылған цехта ұлттық тағамдар пісірумен айналысып жүр.

Асылзат Қалжанова, аспаз:

- Бауырсақ жасап жатырмыз, өзіміздің қазақтың ұлттық тағамы. Барлық жағдай бар, шетелдік құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бәрі жақсы, жұмыс істеуге ыңғайлы. Ұжым өте жақсы, ең бастысы, айлығы уақтылы.

Ержанның бизнес жүргізудегі басты қағидасы – «Кең болсаң, кем болмайсың». Қауқары кеткен қариялар мен көп балалы отбасылар кәсіпкердің назарынан тыс қалған емес. Еріктілермен бірігіп, оларға азық-түлік жеткізуді әдетке айналдырған. Жалпы Шемонаиха ауданындағы кәсіпорындар карантин кезінде жұмыс қарқынын мейлінше тоқтатпауға тырысыпты.

Григорий Акулов, Шемонаиха ауданының әкімі:

- Егін жинау науқаны ойдағыдай аяқталды. Қысқа дайындығымыз жаман емес. Төрт түлік малымызға жем-шөп қоры да жеткілікті. Карантиндік шектеулерге қарамастан жұмыс қарқыны төмендеген жоқ. Аудандағы әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақты. Кен байыту кәсіпорындары да сақтық шараларын орындай отырып қалыпты жұмыс істеп тұр.

Ауданда жыл басынан бері өнеркәсіп орындары 63 миллиард теңгенің, ал ауыл шаруашылығы саласы 25 миллиард теңгенің өнімін өндіріпті. Өңір экономикасына 21 миллиард теңге инвестиция құйылған. Жері шұрайлы, қойнауы қазынаға толы Шемонаиха ауданының тұрғындары кез келген қиындықты еселі еңбекпен ғана жеңуге ынталы.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы