419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да өндірілетін минералды мақтаға шетелде де сұраныс артты

  • 107
  • UPD: 23:51, 26.11.2020

Шығыс Қазақстанда экспортқа негізделген 30-дан астам өндіріс орыны жұмыс істейді.

Бұл – өлкедегі отандық өнімдердің шетел нарығында үлкен сұранысқа ие екендігіне дәлел. Мәселен, Глубокое ауданындағы IZOTERM кәсіпорнынан шығатын минералды мақта сапасы бүгінде ТМД-мен қатар бірнеше Еуропа елін тәнті етіп отыр. Мекеме басшыларының айтуынша, бастапқыда экспорт бойынша біршама қиындықтар туындағанмен, қазір бұл мәселе оң шешім тапқан. Мемлекеттің, салалық Сауда және интеграция министрлігінің, сонымен қатар «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен өнеркәсіптің экспорттық әлеуеті едәуір артты.

Минералды немесе тасты мақта деп атап жататын бұл материалды IZOTERM кәсіпорны базальтты тау жынысынан алады. Тақтайша қалпындағы мақталарға сұраныс жоғары. Отандық өндірісте ойып тұрып орын алған мекеме өз өнімдерінің сапасын мақтан етеді.

Медет Рахметов, жүк тиеу бөлімінің басшысы:

– Жылуды жақсы ұстайды, су өткізбейді, өзі үгітілмейді. Бүкіл Қазақстан бойынша таратылады және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанға жөнелтіледі. Сапасын жақсы етіп шығаруға тырысамыз.

Суыққа да, ыстыққа да, суға да, буға да төзімді материалды қазір қолданбайтын жер жоқ. Жеке үй құрылысынан бастап үлкен өндірістер мен ғимараттар салуда теңдесі жоқ құрал. Алдымен компания Қазақстанға танымал болды. Кейіннен шетел нарығын игерді. Бұл тұрғыда «Қазақэкспорт» АҚ-ның қолдауы ерекше болған. Компания тек биыл жалпы көлемі 113 млн теңгеге жуық сомаға 4 бірдей экспорт жүгін сақтандырған. «Бұл – шет жерде бәсекелестікке төтеп беруге үлкен демеу», – дейді өндіріс жетекшілігі.

Мәулен Сәрсенов, IZOTERM сауда-өндірістік компаниясының директоры:

– Танымайтын елде жұмыс істеу, әрине, оңай емес. Маңдайымыз тасқа тиген де кез болды. Әсіресе Еуропаға алғашқы экспорт аттандырған кезде сол жақтағы әріптестер тарапынан біршама мәселе туындаған болатын. Міне, дәл сол сәтте «Қазақэкспорт» бізді үлкен шығыннан құтқарып қалды.

250-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған мекеменің қадамы нық. Жылына 35 мың тонна минералды мақта шығарады. Өнімнің 30%-і экспортталады. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресеймен қоса Польша, Чехия сынды Шығыс Еуропа елдерімен әріптестік орнатқан. Болашақта өндіріс аясын тағы да кеңейтпек.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы