420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қордайдағы вакцина зауыты алғашқы өнімді наурыз айында шығарады

  • 111
  • UPD: 20:37, 02.12.2020

Жамбыл облысында вакцина өндіретін жаңа зауыттың құны шамамен 7 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Ал келер жылдың наурыз айында дайын өнімнің алғашқы партиясы шығарылады. Бұл туралы өңір басшысы Бердібек Сапарбаев халық алдында есеп беру кездесуі кезінде хабарлады.

Қордай ауданында салынып жатқан жаңа зауыттың қуаттылығы жылына 60 млн дозаға дейін вакцина шығаруға мүмкіндік береді. Өндіріс орыны Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында болады. Сонымен қатар осы айда өңірде экспресс-тест өндірісі де іске қосылады. Жеке инвестордың демеушілігімен қолға алынған жоба құны 2 млрд теңгеден асады. Жалпы облыста фармация саласы дамып, дәрі-дәрмек өндірісі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 10 есе артқан. 

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

- Қордай ауданында вакцина шығаратын зауыт салынып жатыр. Ол жерде мемлекетіміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде институт бар. Олар қазір мынау бруцеллезге, дерматитке, құс тұмауына байланысты вакциналар шығарады. Қазір енді ол жерде жаңадан зауыт салынып жатыр. Ол зауыт ең кем дегенде жылына 30-60 млн дозаға дейін коронавируске қарсы вакцина шығарылатын болады.

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері үшін 60 пәтерлік тұрғын үй салынуда. Одан бөлек тағы екі үйдің құрылысы жоспарланған. Карантиндік шараларға қарамастан агроөнеркәсіптік кешенде тұрақты өсім байқалады. Көктемгі және күзгі дала жұмыстары уақытында жүргізілді. Егістік алқабы 47 мың гектарға ұлғайтылып, 735 мың гектарды құрады. 817 мың тонна астық жиналды. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 7,8 процентке артық. 

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

- Жалпы біздің мақсатымыз биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласында шығарылатын өнімдерді 382 миллиардқа жеткізу. Бұл былтырғымен салыстырғанда 4,6 пайызға өседі. Ал еңбек өнімділігі 7 пайыз. 

Сондай-ақ биыл облыстың 45 ауылындағы 120 мың тұрғынға көгілдір отын жеткізіледі. Бұл мақсаттарға 14 млрд 100 млн теңге қарастырылған. Ауыл тұрғындарын газдандыру деңгейі 74 проценттен 82 процентке дейін артады. Шамамен 17 млрд 700 млн теңге 51 ауылдағы 120 мың тұрғынды сумен қамтамасыз ету проблемасын шешуге бағытталды. Жыл соңына дейін 39 ауылда жұмыстар аяқталады. Ал автожол саласын дамытуға 26 млрд 300 млн теңге бөлінді. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 2,3 есе көп. Аталған қаражатқа 1346,1 шақырым автожол салынып жөнделді.

Автор: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы