420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Корея Қазақстанға тауар жеткізуші елден затты бірлесіп өндіруші серіктеске айналуы тиіс – Пак Джи Вон

  • 121
  • UPD: 20:07, 05.12.2020

Қазақстанда COVID-19 пандемиясы кезінде цифрлық экономикаға көшу процесі жеделдетілді. Бұл пікір Сеулде өткен Корея мен Орталық Азия елдері арасындағы достық күнінде айтылды.

Коронавирустың үшінші толқынына байланысты форумға қатысушылар саны шектеліп, іс-шара онлайн режимде өтті.

Кореяның сауда және инвестицияға қолдау көрсету агенттігінің сарапшысы Пак Джи Вонның айтуынша, Қазақстан онлайн-бизнесті кеңейтумен қатар қашықтан емделу мен оқуға үлкен көңіл бөледі. Сарапшы Орталық Азиядағы ең үлкен мемлекет жаңа технологияларды ауылшаруашылық, көлік, құрылыс және телекоммуникация саласында көбірек қолданғанын атап өтті.

Пак Джи Вонның пікірінше, Корея Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық саясатын дайын өнімді жеткізуден бірлескен тауар өндірісіне өзгертуі керек.

Пак Джи Вон, Кореяның сауда және инвестицияға қолдау көрсету агенттігінің сарапшысы:

- Орта Азия елдері үкіметтері жаңа өндірістерді дамыту саясатын күшейтіп жатыр. Сондықтан корей технологияларын қолдана отырып, техникалық ынтымақтастықты нығайтып, Орталық Азияда өндірістік базаны құру қажет. Корея өз тауарларын жеткізуші елден серіктес елге айналып, Орта Азия елдерімен бірлескен өнім шығаруы тиіс.

Ли Ок Рен, Корея мен Орталық Азия арасындағы достық қауымдастығының президенті:

- Қауымдастығымызда бейнеконференциялар өткізуге арналған жабдық бар. Сондықтан келесі жылы біз Орта Азия елдерімен емдеу жүйесі, медициналық бұйымдар және дәрі-дәрмекті өндіру туралы қашықтан келіссөздерді жалғастырамыз.

Хабар 24 телеарнасы