430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Бәйтерек» холдингі «ВЭБ.РФ» корпорациясымен инвестициялық келісім жасасты

  • 217
  • UPD: 22:03, 05.12.2020

Мәскеуде «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі мен ресейлік «ВЭБ.РФ» мемлекеттік даму корпорациясы инвестициялық ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Тиісті құжатқа аталған мекемелер басшылары Айдар Әріпханов пен Игорь Шувалов қол қойды. Еуразиялық даму банкі ұйымдастырған іс-шара Халықаралық сауда орталығында өтті.

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі мен Ресейдің ВЭБ.РФ ірі мемлекеттік даму институты бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мен Қазақстанда синдикатталған несие беру жағын дамытуға келісті.

Айдар Әріпханов, «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы:

- Синдикатталған қаржыландыруға қатысты бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізіп жатырмыз. Яғни бұрын қандай да бір ірі банк өз жобасының ауқымдылығы мен тәуекелінің көп болуына байланысты оны Қазақстанда жалғыз өзі жүзеге асыра алмаса, енді мұндай мүмкіндік бір банкке емес, банктердің синдикатына берілмек. 

«ВЭБ.РФ» корпорациясы қазақстандық компанияларға лизингтік платформа арқылы 11 миллиард рубльден астам сомаға 5 мыңнан астам теміржол техникасын жеткізді. Қазір тағы үш жоба қарастырылып жатыр. Олар МАЭС мен ЖЭО қайта жаңарту, сондай-ақ жүк вагондарын жеткізу. Бұған Ресейдің даму институты шамамен 20 миллиард рубль бөлмек.

Игорь Шувалов, ВЭБ.РФ Басқарма төрағасы:

- Даму банктерінің күшін бір ортаға біріктіру жағын, коммерциялық банктердің күш-жігерін біріктіру жағын талқыладық. Мұны «Бәйтерек» қолға алмаса, басқа кім жүзеге асырады? Осы тұрғыда «Бәйтерек» біз үшін ең жақын серіктес және осындай үлкен еуразиялық жобаларды құра алатын ірі холдинг.

Бұдан бөлек бірінші Еуразиялық конгресс аясында Қазақстан Даму Банкі екі стратегиялық құжатқа қол қойды. Оның бірі Еуразиялық Даму Банкінің 5 миллиард 700 миллион рубль көлемінде кредит желісін беретіні жөніндегі келісім болса, екіншісі ВЭБ, ЕАБР, Беларусь пен Қазақстанның даму банктері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Авторлар: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы