427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бурабай ауданында ата кәсіпті жалғағысы келетіндер қатары көбейген

  • 228
  • UPD: 22:33, 08.12.2020

Ақмола облысында биыл мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге 6 жарым млрд теңгеден астам субсидия берілген. Нәтижесінде ата кәсіпті жалғастырғысы келетіндер қатары артып, асыл тұқымды мал басы көбейді. Сала мамандары осылай деді. Биыл өңірде 18 тауарлы сүт фермасы мен етті бағыттағы 100-ге жуық шаруашылық іске қосылып, олар 10 мың басқа жуық ірі қара сатып алған.

Бурабай ауданында орналасқан бұл шаруашылық алғашында 50 бас асыл тұқымды ірі қараны Чехиядан алдырса, осыдан 3-4 ай бұрын Словакиядан тағы 60 бас сүтті сиыр сатып алған. Олардың әрқайсысы қазір кемінде 20 литрден сүт береді. Ендігі жоспар – мемлекет көмектесіп тұрғанда мал басын 300-ге дейін жеткізіп, тауарлы сүт фермасын толықтай іске қосу.

Әділет Ахметов, шаруа қожалығының коммерциялық директоры:

- Мемлекеттің қолдауы өте зор. Мәселен, біз мынау Словакиядан әкелген сиырлардың әрқайсысына 400 мың теңгеден алдық. Яғни субсидияның жалпы көлемі 23 млн теңгеден асады. Ал былтыр бұл көрсеткіш 1 басқа 225 мың теңге болатын. Яғни қаржылай көмек жыл сайын өсіп келеді.

Ал фермада сауылған сүтті облыс орталығындағы зауыттардың бірі келіп өздері алып кетеді.

Қожалық басшылығының сөзінше, отбасылық кәсіптері қазір оларға жылына 100 млн теңге табыс әкеліп отыр. Ал шаруашылықта жергілікті 15 адам еңбекпен қамтылған. Қоражай аумағы кеңейтілген соң тағы бңрнеше адам жұмысқа алынады.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, осындай тауарлы сүт фермалары алдағы жылдары тағы көбейеді.

Қайрат Көшенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі:

- Төрт ірі ферма. Олар бізде Атбасар ауданында, Астрахан ауданында, Ақкөл ауданында және Целиноград ауданында. Жалпы мал басы 4900 басқа жетеді. Қазіргі таңда олардың қаржыландыру сұрағы пысықталып жатыр. 

Басқарма берген мәліметке сенсек, бүгінде Ақмола облысында 465 мыңнан астам ірі қара бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 процентке көп. Ал олардың 16 проценті, яғни 69 мыңы – асыл тұқымды.

Авторлар: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы