419,87 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан экономикасының базалық салалары оң өсу қарқынын көрсетуде

  • 192
  • UPD: 10:36, 10.12.2020
Қазақстан экономикасының базалық салалары оң өсу қарқынын көрсетуде

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, қаржы министрі Е.Жамаубаев, өнеркәсіптегі, энергетика секторындағы ахуал және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, энергетика министрі Н.Ноғаев, сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов баяндады.

Биылғы он бір айдың қорытындысы бойынша экономиканың базалық салаларында оң өсім қарқыны байқалады. Өңдеу өнеркәсібінде 3,3%, оның ішінде азық-түлік өнімдері өндірісінде 3,6%, фармацевтикада 39,5%, дайын металл бұйымдары өндірісінде 19,6%, машина жасауда 16,4%, оның ішінде автомобиль жасауда 52,6%, сондай-ақ қағаз өндірісінде 14,6% және жеңіл өнеркәсіпте 15,5% өсім қамтамасыз етілді.

Құрылыс көлемі 12,1%, тұрғын үйді пайдалануға беру 9,3% немесе шамамен 12,1 млн шаршы метрге ұлғайды. Ауыл шаруашылығында 5,3% тұрақты өсім қамтамасыз етілді. ҚР алтын-валюта резервтері және Ұлттық қордың активтері биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша $89,9 млрд құрады.

Темір кенін (+0,6%) және өзге де пайдалы қазбаларды (+2,1%) өндіру секілді тау-кен секторының маңызды бағыттары бойынша оң динамика сақталуда. Бұл ретте ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау қажеттілігі жағдайында мұнай өндіру көлемі төмендеді (-5,5%).

Қызмет көрсету секторының жандануы байқалады. Қарашада қазан айымен салыстырғанда сауда (+17,1%), өмір сүру және тамақтану (+10,5%), байланыс (+4,5%) салаларында іскерлік белсенділіктің өсуі тіркелді.

«Елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ оны одан әрі сақтау экономиканың өсуін жақсартуға айтарлықтай ықпал етеді», – деді А.Мамин.

Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары негізгі 7 көрсеткіштің 5-і бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында және Алматы қаласында 4 көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Үкімет басшысы Павлодар, Түркістан, Ақтөбе облыстарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқынының артқанына назар аударды. Бағаның ең төмен өсімі Ақмола, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген.

«Өңірлердің әкімдері әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен тарифтердің бағасын тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдауы тиіс. Бұл жұмысқа қажетті құралдар бар. Баға мәселесі тұрақты бақылауда болғаны жөн», – деді А.Мамин.

Үкімет басшысы бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды 100% орындау, сондай-ақ қаржы жылының соңына дейін бюджет қаражатын толық әрі тиімді игеру қажет екенін атап өтті.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Хабар 24 телеарнасы