425,73 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Трансформациялау нәтижесі – 128 млрд теңге

  • 253
  • UPD: 14:57, 11.12.2020

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ  компаниялар тобының цифрлық трансформация жобаларынан соңғы үш жылда түскен таза пайда 128 млрд теңгені құрады.

Бизнес-үрдістерді цифрландыру екі жыл бұрын басталды. Жаңа IT технологияларды енгізу нәтижесін берді де. Бұл туралы жыл сайынғы «Digital Samruk-2020» конференциясында айтылды. Шараға Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Цифрлық даму және инновациялар министрі Бағдат Мусин қатысты.

Цифрлық трансформациялау заман ағымына тез ілесуге мүмкіндік берді. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов айтты. Бағдарлама аясында 71 жоба жүзеге асқан. Оны толықтырар тың идеялар да дайын.  

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасының төрағасы:

– Коронавирустың әлемдік экономикаға әсері белгілі. Дегенмен осы пандемия барлығымызға жедел жұмыс істеп, тез шешім қабылдауды үйретті. Цифрландыру және трансформациялық бағдарламалар – соның айғағы. Көздеген жобаларымыз түгел орындалып, 128 млрд теңге кіріс түсірдік.

Мұнай өңдеу зауыттарын цифрландыру жөндеу кезеңдері аралығын үш жылға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Түскен түсім – 3,5 млрд теңге. Мұндай жаңашылдық теміржол саласына да енгізілді. «Қазақстан темір жолы» АҚ 6 мобильді диагностикалау кешенін іске қосқан. Оның арқасында теміржол желілері жылына емес, енді айына екі рет тексерілетін болды.

Дәурен Керейбаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Цифрландыру және трансформациялау жөніндегі басқарушы директоры:

– Жобалар портфелін қайта қарадық. Сөйтіп өндірістік процесті жетілдіруге үлкен көңіл бөле бастадық. 

Осыдан 6 жыл бұрын бекітілген трансформациялау бағдарламасы 2018 жылы қайта пысықталып,  өндірістік бизнес-үрдістерді цифрландыруға ден қойылды.

Бұл – «Самұрық-Қазына» қоры цифрлық трансформациялауға нық қадам жасап жатыр деген сөз.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы