425,85 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бес жылдық даму жоспарын бекітті

  • 238
  • UPD: 22:09, 11.12.2020

«Самұрық-Қазына» қорының Директорлар кеңесі алдағы 5 жылға арналған стратегиялық даму жоспарын бекітті. Күрделі экономикалық кезеңдегі қиындықтарға қарамастан Қор биылғы жылды нәтижелі аяқтады. Ал келесі жылдан бастап, «Самұрық-Қазына» инвестициялық холдинг ретінде жұмыс істеу форматына көше бастайды. Бұл кешенді жоспарды Елбасы қолдап, 2028 жылға дейінгі даму стратегиясы жасалған еді.

Әлемдік дағдарыс «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының экономикалық көрсеткіштеріне өзінің әсерін тигізген. Десек те, Қор биылғы жылды бастапқы жоспардан жоғары көрсеткіштермен қорытындыламақ.

Ләззат Боранқұлова, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры:

- Сыртқы факторлардың әсеріне қарамастан 2021 жылы біз негізгі стратегиялық оң көрсеткіштің ағымдағы жылмен салыстырғанда жақсаруын күтеміз. Қордың таза активтері 2021 жылы 653 млрд теңгеге дейін өсіп, 14 трлн теңгені құрайды.

Келесі жылы қор инвестициялық холдингке айналу жұмысын белсенді түрде жүргізеді. Бұл бағытта 12 басым сала анықталды. Ақпараттық технологиялар, инфрақұрылымдық құрылыс, жасыл энергетика, химия өнеркәсібі, денсаулық сақтау, машина жасау, логистика, ауыл шаруашылығы олардың бір сыпырасы. Инвестиция құйылатын сала тізімі әлемдік және аймақтық тенденциялар мен нарықтың өзгеруіне байланысты жыл сайын жаңартылады.

Ләззат Боранқұлова, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры:

- Соңғы 6 жылда орташа жылдық өсу қарқыны 8,2 процентке, 10 жылда 9,1 процентке тең болды. Күтілетін өсім 8% деңгейінде бекітілген стратегияның мақсаттарынан асып түседі. 2025 жылға дейінгі стратегия бойынша активтердің таза құны 21 трлн болып, 6,9 трлн теңгеге өсім болады.

Бұған дейін Елбасы «Самұрық-Қазынаның» қазіргі қарқынына және Қорды инвестициялық холдингке айналдыру тұжырымдамасына оң баға беріп, алдағы уақытта активтерді көбейтіп, ұлттық компанияларды дамытуды тапсырған болатын. Қордың 5 жылдық даму жоспарында бұл міндеттер айқын көрсетіліп, атқарылатын жұмыстар нақтыланды.

Автор: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы