420,18 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Азық-түлікті қоймада сақтау арқылы бағаны ұстап тұру мүмкін емес – Депутат

  • 91
  • UPD: 08:47, 19.12.2020

Қойма салып, азық-түлікті ұзақ уақыт сақтау арқылы бағаны тұрақты ұстау мүмкін емес. Тауар қымбаттамауы үшін өндіріс көлемін арттыру керек. Немесе ауыл шаруашылығы саласына субсидия берген жөн. Мәжіліс депутаты Мұрат Теміржанов осындай пікірде. Айтуынша, құрылысы жоспарланған көтерме тарату орталықтары өзін ақтамауы мүмкін.

Елде азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуіүшін ішкі сұраныстағы тауардың кем дегенде 80 проценті өзімізде өндірілуі тиіс. Бұған әлеуетіміз жетеді. Енді осы өндірілген өнімді ұқсату да маңызды. Сол үшін азық-түлік бағасын тұрақтандырып, делдалсыз сауда жасауға мүмкіндік беретін 24 көтерме тарату орталығы салынады. Жобаның жалпы құны 237 миллиард теңге. Депутаттар осы қыруар шығынның қайтарымы болатынына күмәнмен қарайды.

Мұрат Теміржанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жалпы ауданы 600 мың шаршы метр жерге қойма салынбақ. Құрылыс шығындарын айтпағанда, оны ұстап тұрудың өзіне қыруар қаржы жұмсалады. Қыста жылыту, жазда мұздату өз алдына, үнемі тазалықты сақтап тұру керек. Жарыққа кететін шығынды қосыңыз. Орталықтарда 6 мың 300 жаңа жұмыс орыны ашылады. Осынша адамның жалақысы тағы бар. Бұл ақшаның барлығы айналып келгенде тауардың өзіндік құнына қосылады. Сонда азық-түліктің бағасын арзандатып, тұрақты ұстайтын жобаның негізгі мақсаты орындалмай қалады деп ойлаймын.

Қазір елдің барлық өңірінде әлеуметтік маңыздағы азық-түлікті сақтайтын және бағасын тұрақтандыруға әсер ететін қорлар жұмыс істейді. Енді тағы сондай қойма салудың не қажеті бар деген сауал туады. Сауда министрлігі өкілдерінің айтуынша, Көтерме тарату орталығының бағыты тұрақтандыру қорынан өзгеше. Яғни ол үш типпен салынады. Бірінде тауар сақталады, бірінде көтерме сауда жасалады және тауарды жан-жаққа таратуға бағытталады. 

Әсем Өтепбаева, ҚР СИМ Ішкі сауда департаментінің басқарма басшысы:

- Ауыл шаруашылығы тауарын өндіретін шағын немесе ірі кәсіпкерлер өз өнімін қайда сақтаймын, кімге сатамын деп бас қатырмайды. Тауарын орталықтағы қоймаға тапсыра алады. Оның ішінде алғашқы өңдеуден өткізуге болады. Орталықта сатушы мен сатып алушыны байланыстыратын электронды жүйе бар. Сол жерде онлайн көтерме сауда жасай алады. Бөлшек саудаға да орындар беріледі. 

Биыл Қарағандыда алғашқы жекеменшік көтерме тарату орталығы ашылды. Жергілікті шаруалар енді нарық жүйеленеді, баға тұрақталады деп ойлаған. Бірақ ештеңе өзгермеді. Қазақстан фермерлер қауымдастығы басшысының айтуыша, орталық пен тауар өндіруші арасында байланыс жоқ. Екі жақты ынтымақтастық туралы ешқандай келісім жасалмаған.

Ермек Әбуов, Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары:

- Фермерлер өздері өндірген өнімдерін делдалсыз өткізе алмай отыр. Көтерме сауда тарату орталығы  негізінен шеттен әкелген тауарларды сатып, соның ішінде арендаторларды жіберіп қойған. Жергілікті атқарушы органдар, сосын сауда және интеграция министрлігі бар Ауылшаруашылығы министрлігі бар солар бірлесіп, фермерлермен жұмыс істеп келісімшарт жасасқан кезде тауарлардың көлемі отандық толып тұрар еді. 

Ал жаңа жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асады. Яғни құрылыс жеке кәсіпкердің қаржысына салынады. Дайын нысан мемлекеттің балансына беріледі. Үкімет инвестордың шығынын 14 жылда кезең-кезеңімен өтейді. Жоспар бойынша 24 орталықтың құрылысы 2024 жылға дейін аяқталады. Биыл 7 нысанды салуға ниетті инвестормен келіссөз жүргізіліп жатыр. 

Авторлар: Талғатбек Әбдіқожа, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы