418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда глютенсіз өнім шығарыла бастады

  • 100
  • UPD: 09:00, 19.12.2020

Павлодарда құрамында глютені жоқ өнім шығарыла бастады. Облыс орталығының тұрғыны денсаулыққа аса пайдалы жартылай фабрикаттар өндірісін іске қосты. Енді глютенді, яғни дәнді дақылдарда кездесетін ақуызды көтере алмайтын азаматтар отандық өнімді тұтына алады. Жас кәсіпкер бұған дейін глютенсіз өнімдерді дүкендерден сатып алып жүрген. Кейін осындай тағамдарды өзі шығаруға бел буыпты.

Инара Әбілғазина жарты жыл бұрын кәсіпкер атанды. Бұған дейін баласы үшін глютенсіз ұн сатып алып жүрген. Ұлы демікпеге шалдыққандықтан денсаулығы тек қауіпсіз тағамды қажет етеді. Десе де, бұл ерекше ұнның өзі қымбатқа шыққан. Сондықтан азаматша осы өнімді шығаруды қолға алды.

Инара Әбілғазина, кәсіпкер:

- Глютенсіз тағам - демікпемен күресудің бір жолы. Дұрыс тамақтану баламның денсаулығын жақсартты. Сондықтан отандық өнім өндірісін іске қосқым келді. Ұн және макарон өнімдерін әзірлейміз.

Кәсіпкердің идеясы мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тапты. Инара Әбілғазина грант иегері атанып, бұл қаражатқа арнайы құрал-жабдық сатып алды. Осылайша еңбек жандана берді, тұрақты тұтынушылары пайда болды.

Инара Әбілғазина, кәсіпкер:

- Басты мақсатым - глютенсіз өнімді қолжетімді ету. Алдағы уақытта өнімімді дүкендерге тасымалдайтын фирмамен келісім-шартқа отырамын. Өзге өңірлерде серіктес болатын делдалдарды іздеп жатырмыз. Нұр-Сұлтан, Шымкент және Атырау қалаларына өнім тасымалдамақпыз. Семейге қап-қап өнім жөнелтіп жатырмыз.

Инара Әбілғазина атаулы әлеуметтік көмек иегерін ретінде жарты миллион теңгенің грантына ие болды. Кәсіпкерлік бойынша білімін де жетілдірген.

Ринат Қарамбаев,  қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы:

- 2020 жылғы жоспар бойынша бізде жылдың басына 102 грант берілу керек болды қайтарымсыз. Біз ол индикаторды орындадық. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар және де оралман немесе көші-қон бағдарламасы бойынша келген адамдар, жеке тұлғалар «Бизнес бастау» оқуын оқымастан грантты алу мүмкіндігіне ие.

Мемлекет бағдарламасына қатысуға ниет еткендердің қатары жыл сайын артып келеді. Биылғы жылы 100-ден астам грант бөлінген. Өтініш білдірушілердің саны көп болғандықтан гранттар саны 385-ке жетті. 

Авторлар: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы