426,94 518.00 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда жиһаз қымбаттады

  • 206
  • UPD: 12:23, 21.12.2020

Шамамен 30 процентке. Мұны салалық қауымдастық өкілі айтты.

Баға неге өсті? Жиһаз жасаушылардың айтуынша шикізат тапшы.

Жиһаз жасайтын ағаштың дені бізге Ресей мен Беларусьтен әкелінеді. Ал күзде екі елде де материал қымбаттаған.

Елде жиһазға деген сұраныс артқан. Ал жылда жасалатын сол жиһаз көлемі бізде биыл 27 процентке азайып кетіпті. Мұндай деректі бізге салалық қауымдастықтың өкілі Асқар Сағиданов айтты. Сарапшының сөзінше, материал жетпейді. Қыркүйектен бері ағаш тапшы. Тапшы болған соң қымбаттамай қайтсін?! Тек ағашы емес, күзден бастап жиһаз жасайтын фанерлердің бағасы да орташа есеппен 60 процентке дейін өскен. Сарапшының сөзінше, біздің елде әлгі жиһазды жасайтын халық арасында «МДФ» аталатын материал әзірленбейді. Ал жұрт «ЛДСП» дейтін материал аз шығарылады. Сапасы да бір керемет деуге келмейді екен. Сондықтан әлгі екі шикізат та Ресейден тасымалданады. Ал біздің жиһаз жасаушылардың материал қоры да көп емес. Кәсіпке бағытталатын инвестиция көлемі азайған соң ағаш шеберлерінің қатары да кеміген. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда жиһаз жасау көлемі жарты есеге дейін азайып кетіпті. Ал егер жаңа жылдың бірінші тоқсанында нарықта ахуал реттелмесе, жиһаз тағы да қымбаттауы мүмкін.

Бидай көлемі азаюы мүмкін

Алдағы 10 жылда елде бидай көлемі азаюы мүмкін. Шамамен 37 процентке. Бұл жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының зерттеуінде айтылды. Неге дейсіз ғой. Себебі біздің елде климат деген жылдан жылға өзгеріп барады. Құрғақшылық көп. Осыдан егістік алқаптарының көлемі азаюы кәдік. Ал бұдан 450 миллиард теңгедей шығын келеді деп болжануда. Осылай кете берсе, 2050 жылға қарай әлгі шығын сомасы 600 миллиард теңгеден асып кетуі де ықтимал. Қазір еліміз Орталық Азияда бидай экспорты бойынша көш бастап тұр. Біздің астық шетелдерде жоғары бағаланады. Бұл жөнінде ауыз толтыра сөйлесек те болады. Ал астықтың державасы саналатын Қазақстанда бидай көлемі азайса, бұл өз кезегінде өзгелерге де ықпал етпей қоймайды.

Санаулы күннен соң жаңа жыл. Қазір базарда жүрген халықтың қарасы көп. Азық-түліктің де осы кезде бағасы бір шарықтап кететіні және бар. Солай болып та тұр. Мәселен, қияр қымбаттапты тағы да. Тіпті демалыс күндері елордадағы базарлардың бірінде қиярдың келісі 1600 теңгеден болып тұрғаны әлеуметтік желіде тарады. Бірақ соның өзіне қарамай халық қияр алады. Бүгін осы көкөністің бағасы өзге қалаларда қанша болып тұрғанын көрсетеміз. Кезек нарықтағы баға айдарында.

Сонымен қиярдың құны Түркістанда 700 теңгеден басталады. Ал Өскеменде Түркістанға қарағанда 100 теңгеге қымбаттау. Көкшетауда 1200 теңгеден сатылып жатыр. Ақтөбеде де баға Көкшетаудағыдай. Ал Талдықорғанда қиярдың келісі 1380 теңге болса, елордада әлгінде айтқандай, 1600 теңгенің шамасында. 

TESLA S&P 500 индексіне қосылады

TESLA компаниясы үшін тарихи күн туды десек те болады. Бүгін электрмобильді көлік шығаратын америкалық компанияның акциялары S&P 500 деп аталатын эталонды индексіне қосылады. Ал бұл – АҚШ-тың ең ірі 500 корпорациясын қосып тұрған индекс. Тесла Apple, Microsoft, бұдан өзге де алпауыт компаниялардан кейін тізімге алтыншы болып орнығады. Атап өтейік, компания акцияларының құны 60 процентке өскен. Компанияның негізін қалаушы Илон Маск «Форбстың» есебі бойынша мұның алдында әлемдегі ең бай екінші адам боп танылған. Оның байлығы жеті жарым миллиард долларға өскен. Ал арада бір күн өткенде құнды қағаздар бағасы төмендеп, миллиардер байлардың рейтингінде үшінші орынға түсті. Бірінші орында кім десеңіз, тізімді Amazon басшысы Джефф Безос бастап тұр. 

Ал енді валюта бағамына тоқталайық. Теңгеміз нығайып жатыр. Ұлттық банктің сайтында АҚШ-тың бір доллары бүгін 417 теңге 42 тиын болып тұр. Еуро 511 теңге 55 тиынға тең. Ал рубль 5 теңге 71 тиын.

Хабар 24 телеарнасы