426,05 517.06 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстаннан құны $41 млн теңгенің жеңіл өнеркәсіп өнімі экспортталды

  • 224
  • UPD: 11:02, 23.12.2020

Елімізде жеңілөнеркәсіп саласындағы импорт көлемі экспорттан 28 есе артық.

Бұл туралы жеңілөнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова хабарлады. Саланың дамуын тежеп тұрған тағы қандай мәселелер бар?

Мамандардың айтуынша, Қазақстаннан шетелге шығарылған шикізат, елге дайын өнім болып оралады. Салдарынан жеңілөнеркәсіп тауарлары қосылған құнын жоғалтады. Бірақ бұл саланың өркендеуіне кедергі келтіретін басқа да мәселелер бар.

Соңғы бес жылда жеңілөнеркәсіп тауарлары бойынша сауда балансының сальдосы, яғни экспорт пен импорт арасындағы айырмашылық теріс деңгейде қалып отыр. Импорт көлемі экспорттан 28 есе асады. Бұл айырмашылықты биылғы статистикалық деректерден де аңғаруға болады. Мысалы, қаңтар-қазан аралығында шетелге құны 41 млн доллардан асатын жеңілөнеркәсіп өнімдері сатылды. Ал импорт көлемі 1 миллиард 195  млн долларды құрады. Бұл кедендік статистика келтірген ақпарат. Қазақстаннан шетелге шығарылған шикізат, елге дайын өнім болып жеткізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл қосылған құнның жоғалуына алып келеді. Жеңіл өнеркәсіптегі қазіргі жағдайды сарапшылар созылмалы дағдарыс деп бағалап отыр. Ал коронавирус пандемиясы жағдайды тіптем ушықтырған. «Бүгінде өңдеуші өнеркәсіпте білікті жұмысшылар жетіспейді», - дейді сала қауымдастығының президенті. Оның айтуынша, ел Үкіметі тарапынан бизнесті қолдау шараларының үш пакеті бар. Алайда, олардың дені өңдеуші өнеркәсіпке емес, қызмет көрсету саласына бағытталған.

***

Биыл елімізде киім өндірісі 45%-ке қысқарды

Отандық жеңілөнеркәсіп тауарларын өндіру деңгейі экономикалық қауіпсіздік деңгейінен төмен. Сондықтан Қазақстанға дамыған елдердің шикізат шылауы болып қалу қаупі төніп тұр. Сала мамандары осындай пікірде. Қашықтан оқытуға байланысты биыл мектеп формасына сұраныс жоқ. Салдарынан отандық фабрикалар негізгі табыс көзінен айырылды. 2020 жылдың он айында киім өндірісі 45%-ке дейін қысқарған. Күшейтілген карантин кезінде бөлшек сауда желісіндегі компаниялар да дайын өнімін өткізе алмай шығынға батты. Қауымдастықтың хабарлауынша, сауда алаңдарын жалға алу құны қымбаттығынан отандық fashion-ритейл өкілдері ірі сауда ойын-сауық орталықтарына кіре алмайды. Ал олардың өз сауда алаңдарын сатып алуға және ұстауға мүмкіндігі жоқ. Осы тұста айта кетерлігі, қазақстандық тұтынушылар негізінен ойын-сауық орталықтарында сауда жасайды.

***

Қазақстанға құны $3 млн отшашу импортталған

Карантиндік шектеулерге қарамастан, Қазақстан пиротехника импортының көлемін азайтқан жоқ. Бірақ отшашулар бағасы өскен. Ресми статистикаға сәйкес, осы жылдың 10 айында республикаға жалпы сомасы шамамен $3 млн болатын отшашу мен басқа да пиротехникалық бұйымдар әкелінді. Олардың төрттен бір бөлігі Ресейден келсе, қалғаны Қытай, Кипр және Германиядан тасымалданған. Биыл барлығы 2,4 миллион дана отшашу импортталды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, өткен жылдың осы кезеңінде шетелден 1,7 миллион дана пиротехникалық өнім алынған.

***

«Нарықтағы баға» айдары

Ал қазір жаңа жыл қарсаңында сұраныста болатын тағы бір өнім бағасына шолу жасаймыз. Кезекте «Нарықтағы баға» айдары. Бүгін өңірлердегі мандарин құнына тоқталамыз.

Қызылордада бір келі мандарин 500 теңгеден басталады. Оралда жемістің бұл түрі 600 теңгеден жоғары. Петропавлда мандариннің келісі 800 теңге. Шымкентте бұдан елу теңгеге қымбат. Өскеменде аталмыш тауар құны 950 теңгеден басталады. Нұр-Сұлтанда мандариндердің келісі 1000 теңгеге жуықтайды. Ал ең қымбат мандарин Алматыда. Оның келісі 1500 теңгеге дейін жетеді.

«Нарықтағы баға»: 1 кг мандарин

Қызылорда 500 теңге.

Орал 600 теңге

Петропавл 800 теңге

Шымкент 850 теңге

Өскемен  950 теңге

Нұр-Сұлтан 1000 теңге

Алматы 1500 теңге

Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. Доллар 419 теңге 74 тиын, еуро 512 теңге 38 тиын, рубль 5 теңге 56 тиын.

Хабар 24 телеарнасы