421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда құрылысшы мамандар тапшы

  • 257
  • UPD: 21:05, 29.12.2020

Құрылысшы бұрынғыдай құрметті мамандық емес. Салаға келгісі келетін жастар аз, тіпті жоқтың қасы. Тапшы маманды шетелден тарту да мүмкін болмай тұр. Керісінше ел азаматтары Ресей мен Кореяға ағылып жатыр. Құрылыс тұралап қалмау үшін не істеу керек?

Елімізде құрылысшы қат. Салаға 242 мың маман жетіспейді. 5,5 мыңнан аса компанияның уәжі бір. Құрылысқа тартатын адам жоқ. Тіпті арнайы ашылған оқу орындары да қайыр бермеген. Дипломын алған түлектер шетелге кетеді. Себебі ол жақта жағдай басқа. Жалақы жоғары. Мүмкіндік мол.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылыс одағының төрағасы:

- Әр уақытта маманы жоқ болғандықтан көп құрылысшыларды игеру жұмысы азайды. Құрылыста сіздер бір жылда пәтерді салып бітірмесеңіздер сіз өзіңіз көретін пайдаңызды пайдаланып, ертең пайдасыз қаласыздар. Сондықтан пайда болмағандықтан қай мекеме болса да ол дами алмайды. Ол жұмыскерлеріне дұрыс жалақыны төлей алмайды. Жұмыскерлер басқа салаға ауысуға тырысады. 

Құрылыс компанияларының қай-қайсысын алсаң да осыны айтады. Оған пандемия әсер етті де қиын. Керісінше барлық өңірде құрылыс қарқынды. Талғамы өзгерген тұрғындардың талабы бөлек. Елордадағы мына нысанда үдеден шығу үшін Грузия, Түркия және көрші елдерден жұмысшылар шақыртылған. Бірақ биыл олардың саны едәуір азайды.

Сергей Узденов, құрылыс компаниясының маркетологы:

- Бізге қасбетті әрлеушілер, мрамор, керамогранит бойынша жұмысшылар қажет. Қиырда жатқан шетелдіктерді тарту тиімсіз. Олардың жолақысы, жалақысын төлей алмаймыз. Меніңше, шетелдіктерді тартуды заңмен реттеу қажет. Біздің салада білектің де, жүректің де болғаны маңызды. Бірақ көпшілік ауыр жұмыстан қашады. Мамандар келсе менеджер болуы үшін келер. Әйтпесе желдің өті, қар, жаңбыр, ыстықта жұмыс істеуге шыдайтындар аз. 

Барлық өңірдегі ахуал осы. Маман жоқ. Өзіміздікі келмейді, ал өзгені тарту компаниялар үшін шығын.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан Құрылыс одағының төрағасы:

- Ең кемшіліктердің бірі шетелден мамандықты алатын. Ол ақша төлеме. 400-ден 700-ге дейін бір адамға жыл сайын төлеу керек. Көрші Ресейде теңгеге ауысқанда 80 мың ғана. Патент түрінде орналастырады жұмыскерлерді. Біз Ресейден тәжірибе ретінде соны неге қабылдамаймыз? 

Еліміздегі құрылыс нысандарының басым бөлігінде Өзбекстан азаматтарының үлесі бар. Бірақ олар үй шаруасы бойынша ғана жұмыс істеуі тиіс. Мемлекет бөлген квота жеткіліксіз болғандықтан кәсіпкерлер осылай амалдап отыр. Бірақ бұл заңсыз әрекет.

Берік Есқараев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

- Бізде заң жүзінде құрылыс бойынша тартылатын шетелдік азаматтар квотаның шеңберінде жұмыс берушілерге берілетін рұқсаттың ішінде отыр. Айырмашылығы жұмыс берушіге берілетін рұқсат бар, еңбек мигранттарына берілетін рұқсат бар. Екеуі екі бөлек. Біреуі жұмыс берушіге ғана беріледі. Азаматтарды тарту үшін беріледі. 

Ең қызығы, шетелге кеткен қазақстандықтардың көбі осы құрылыс саласын таңдаған. Білікті кадрлардан айырылып қалмас үшін жалақыны көбейтіп, құрылысшылардың денсаулығын шыңдап отыруға мүмкіндік жасау керек.

Мамандардың айтуынша, жағдай сонда ғана реттеледі екен.

Авторлар: Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы