Bitcoin тағы қымбаттады

Криптовалюта нарығында биткоин бірден 10 процентке қымбаттап, құны 40 мың АҚШ доллардан да асып түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол желтоқсанның екінші жартысында алғаш рет 20 мың долларды бағындырып, өсім көрсеткен. Содан бері тұрақты түрде жоғарылап келеді. Бұл жұрттың криптовалютаға деген қызығушылығын арттырып, сұранысын көбейтті. Отандық экономист Мақсат Халықтың айтуынша, осы үрдіс жылдың алғашқы бөлігінде де сақталуы мүмкін. Ал екінші жартысында қайтадан құлдырауы ғажап емес. Яғни құны тез қымбаттап, тез арзандайды. Сондықтан бір сәтте пайда табуың да тақырға отыруың да мүмкін.

Мақсат Халық, экономист:

– Негізінен артық ақшаңыз болмаса, үйіңізді сатудың қажеті жоқ. Мысалға, өзіңіздің бір жинақтарыңыздың инвестиция үшін деп арнаған ақшаңыз болады. Сондай ақшаңызды жұмсауыңызға болады. Өйткені бірден көтеріліп, бірден құлауы өте тез. Ол жерде сіз бірден ақша тауып алуыңыз мүмкін. Тәуекел өте жоғары немесе сіз бірден өз ақшаңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан да барыңызды сатып тәуекелге баратын жер емес.