Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен туристік бағдарлама құрып жатыр

Оның аясында саяхатшыларға сапар ішінде Ахмет Яссауи кесенесі мен екі елдің басқа да киелі жерлерін аралауға мүмкіндік жасалады.

Тіпті туристер үшін шекарадан өту тәртібі жеңілдей түседі.

Қазақстан мен Өзбекстан туристік әлеуеттерін бірлесе арттыруды көздейді. Енді қос халықтың алуан түрлі мәдениетін біріктіретін турлар ұйымдастыру жоспарда тұр. Мәселен, саяхатшыларға екі елдің киелі жерлерін бір сапар аясында аралауға мүмкіндік беретін туристік бағдар ұсынылады.

Азиз Абдухакимов, Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары:

- Түркістан облысындағы Арыстанбаб мавзолейі, Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани және Өзбекстанда орналасқан Зәңгі ата кесенелері бар. Міне, осындай туристік дәліз құру жоспарланып отыр. Бұл біз үшін өте қызық. Бұлардың бәрі Ахмет Яссауидің шәкірті болғанын жақсы білеміз.

Екі мемлекет шетелдік туристер үшін бірыңғай визалық режим енгізуді жоспарлап отыр. Silk Visa бағдарламасы шекарадан емін-еркін өтуге мүмкіндік береді.

Азиз Абдухакимов, Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары:

- Бүгінде біз қазақ-өзбек шекарасынан өту тәртібін жеңілдету үшін қолайлы жағдай жасауға уағдаластық. Өз тарапымыздан біраз жұмыс атқардық. Енді Қазақстан Жібек жолы бекетін қайта қалпына келтіруі тиіс. Басқа да кеден бекеттерінде де тап осындай жұмыстар жүргізіледі. Мұның бәрі туристік автобустардың тез арада шекараны кесіп өтуі үшін істелініп жатыр.

Туристік әлеуетті арттыруға бағытталған енді бір амал – бұл жаңа көлік дәліздерін ашу. Бұл орайда Қазақ Үкіметі өзбек ағайынмен Түркістаннан Ташкентке апаратын теміржол салуға келісті.

Ж.Біркенов және Қ.Оспан