Қордайда отандық иммундық препараттар шығаратын зауыт салынып жатыр

Қордай ауданының Гвардейск ауылындағы биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық иммундық препараттар шығаратын зауыт салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны Президенттің қабылдауында болған кезде Жамбыл облысының әкімі айтты. Бердібек Сапарбаев коронавирустың келесі толқынына дайындықты баяндады. Облыста вирус жұқтырғандар үшін 4,5 мың және жансақтау бөлімдерінде 468 төсек-орын дайындалған. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар. Қажет болған жағдайда қосымша 7 мыңдай медицина қызметкері жұмысқа тартылады. Ал, Қордайда жағдай тұрақты. Былтыр бұл аймақта тұрғын үй, жол, білім беру, медицина, мәдениет және спорт салалары бойынша жалпы құны 35 миллиард теңгеден асатын 392 жоба жүзеге асқан. Аудандағы 22 елді мекенге газ тартылып, халық ауыз сумен қамтамасыз етілді. 391 шақырым жол және 360 пәтерлік 5 тұрғын үй салынды. Жалпы облыс экономикасының өсімі былтыр 102,2%-ке жетіп, негізгі капиталдың инвестициясы 344 миллиард теңгеден асқан. Мемлекет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыс әкімінің жұмысына оң баға берді. Сөйтіп, Бердібек Сапарбаевқа эпидемиялық ахуалды бақылауда ұстауды, инвестиция тартып, халықты жұмыспен қамтудың жол картасын тиімді жүзеге асыруды тапсырды.

Мемлекет басшысына өңірдің 2020 жылғы даму қорытындылары мен Президент тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ Қазақстан халқына арналған Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру жоспары жөнінде баяндалды. Бердібек Сапарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беріліп отырған кезеңдегі Жамбыл облысының экономикасының өсімі 102,2%-ке, негізгі капиталдың инвестициясы 344,1 миллиард теңгеге жеткені жайында айтты. Мемлекет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыс әкімінің жұмысына оң баға беріп, эпидемиялық ахуалды бақылауда ұстауды, инвестиция тарту және Жұмыспен қамту жол картасын тиімді жүзеге асыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.