А.Мамин Түркістандағы инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын тексерді

Премьер-министр Асқар Мамин Түркістан қаласына жұмыс сапарымен барып, ондағы инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын тексерді.

Үкімет басшысы «Керуен-Сарай» көпсалалы туристік кешенін, Қазақ драма театрын, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананы, Тұңғыш Президент саябағын, дендропарк пен ботаника бағын аралап, аталған жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Асқар Мамин халықаралық талаптар бойынша салынып жатқан 570 орындық ауруханаға барды. Нысанды келер жылдың жазында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Премьер-министр өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммитіне арналған кеңес өткізді. Сапар аясында Үкімет басшысы ас үйге арналған техника шығаратын зауыт салуды көздейтін келісімге қол қою рәсіміне қатысты. Кәсіпорын 2100 адамды жұмыспен қамтиды деп жоспарланып отыр.

Уктам Аблакулов, инвестор /Өзбекстан/

– Бұл жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде ас үйге арналған электр пештерін өндіруді ұйымдастыру жоспарланған. Екінші кезеңде электр су жылытқыштарын өндіру көзделіп отыр. Бұл жоба бізді қызықтырады. Біріншіден, біздің бренд Қазақстанда бар. Оның үстіне біз ұсынып отырған баға Қазақстан нарығында бәсекеге қабілетті. Сондай-ақ бұл өндірісті аталған индустриялық аймақта жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылым бар.