420,22 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары жүзеге асады

  • 367
  • UPD: 22:57, 29.01.2021

Бұл мемлекеттік басқару жүйесінен бастап цифрландыру, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау сынды салаларды қамтитын ауқымды құжат.

Жекешелендіру және халықтың IPO бағдарламасы да осы жоспарда бар. Бұл туралы бүгін Президент төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі кеңестің үшінші отырысында айтылды.

Ең алдымен елде мемлекеттік жоспарлау жүйесі өзгереді. Қолданыста ескірген. Заманауи тенденцияларға сай келмейді. Президент төрағалық ететін кеңестің барлық отырысында осы мәселе көтерілді. Тиісті ұсыныстар жасалды. Жүйені өзгертетін бастамалар ұсынылды. 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары әзірленді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұлттық жоспарда жаһандық тенденцияларға сай цифрлық даму параметрі мен негізгі бағыт-бағдарлар айқындалған. Сондықтан әр мемлекеттік орган мен ірі квазимемлекеттік ұйымдарға белгілі көрсеткішке қол жеткізу міндеттеледі және сол жұмыс уақытында орындалуы тиіс. Нәтижесі нақты жағдаймен бірдей болуы шарт. Индикаторлардың жеңіл болмауы маңызды.

Ұлттық жоспар аясында алдағы жартыжылдықта цифрландыру, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, қоршаған ортаны қорғау салаларында жаңа жобалар бекітіледі. Дамыған елдер қатарына кіру үшін қуатты экономика керек. Ол үшін республика деңгейінде жүзеге асырылатын әрбір жоба нақты проблеманы шешуі тиіс. Осылай деген Президент жаңа жобаларды толық қаржыландыру керектігін де тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Барлық индикатор біздің түпкілікті мақсатымызға жеткенімізді айғақтауы тиіс. Ол елдегі бәсекелестік деңгейінің артқаны мен Қазақстанның дамыған ел атануына қол жеткізеді. Депутаттық корпус ұлттық жоспардың жүзеге асуын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуі керек.

Президент: «бұдан былай әр мемлекеттік органға жеке-жеке міндеттер қойып, сол бойынша жұмыс нәтижесін бағалаймын» деді. Осы ретте билік өкілдеріне зор жауапкершілік жүктелетінін айтты. «Мемлекеттік аппаратта отырғандар әкімшілік-бақылау функциясынан арылып, тек халық пен ел әлеуетін арттыруды басты құндылық ретінде ұстануы тиіс», деді. Тағы бір ауқымды реформа – жекешелендіру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл сұраққа байланысты нақты жоспармен жүру қажет. Үкіметтің ұстанымы қатаң болуы тиіс. Жекешелендірудің соңы әлдебіреулердің монополиясына әкеп соқпауы керек. Бұған халық алаңдайтын болады. Процесті әділетті түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Жекешелендірудің арқасында мемлекеттік экономикадағы үлесін 14%-ке азайтуды жоспарлап отырмыз.

Мемлекет басшысы халықтың IPO бағдарламасын жандандыруды тапсырды. Ұлттық компания акциялары енді халыққа тиесілі болады. Президент ұлт байлығына қазақстандықтардың қол жеткізуі үшін тиісті жағдай жасауды міндеттеді. Мемлекет алдында халық санағын жүргізу жоспары бар. Сол іс таяуда бастау алады. Оған Үкімет басшысының бірінші орынбасары жетекшілік етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкіметке халық санағына қатысты жұмыс тобын құруды тапсырамын. Оған Премьер-министрдің бірінші орынбасары жетекшелік етсін. Ұйымдастыру жұмыстары толық соның мойнында болады. Халықтың нақты санын біліп, жас айырмашылығы, табысы, гендерлік теңдігі сынды мәселелер белгілі болады. Дегенмен, халықты артық сұрақтармен мазалап, салмақ салмау маңызды.

Сума Чакрабарти, Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары:

- Кей сұрақтар бойынша пікір білдіре кетейін. Ұлттық жоспарды қолдаймын. Құжатпен нәтижелі жұмыс істеуге болады. Енді осы атқарылатын шаруалардың нақты кестесін жасауымыз керек. Жауапкершілікті әр салаға жүктеген жөн. Мемлекеттік басқарудың жаңа құрылымын да дұрыс шешім деп ойлаймын. Аумақтық даму жөніндегі ұсыныс та аса маңызды. Халық санағына қатысты мәселелерге де менің қолдауым дайын.

2025 жылға дейінгі жоспар бойынша ұлттық экономика 5%-ке өсуі тиіс. Шағын және орта бизнес үлесі 35%-ке жетпек. Негізгі капиталға құйылған инвестиция да артады. Шикізаттық емес экспорт екі есе ұлғайып, 41 млрд теңгені құрайды. Президент берген тапсырмаларының негізгілері осындай.

Авторы: Рауан Мыңбаев, ПТКК

Хабар 24 телеарнасы