426,94 518.00 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Теңге бағамы неге төмендеді?

  • 250
  • UPD: 11:30, 01.02.2021

Қаңтардың соңғы күндері теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құны төмендеді. Бұған не себеп? Ресей валютасының әлсірегені әсер етті ме әлде басқа себеп бар ма?

Вакциналау науқаны басталғанымен коронавирус әлем экономикасына әлі де қысым көрсетіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни инвесторлар батыл әреккетке көшкен жоқ.

Теңгенің бағамы әлем нарығындағы инвесторлардың сақтық көңіл күйін көрсетіп тұр. Бұл туралы Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов айтты. Оның сөзінше жыл басында Сауд Арабиясы ақпан мен наурызда мұнай өндірісін тәулігіне 1 миллион баррелге дейін азайтатынын айтқан еді. Бұл қара алтынның айтарлықтай қымбаттауына әсер етуі тиіс еді. Баға аздап көтерілді де. Бірақ қосымша ынталандырудың болмауына байланысты төмендеу байқалады. Нарықтың тұрақтануына  коронавирус қысым көрсетіп тұр. Яғни Еуропа елдері шектеуді күшейтті. Қытай билігі ең белсенді туристік маусым, жаңа жылды тойлау кезінде қозғалысты шектеуге кеңес беріп отыр. Ал АҚШ ел экономикасын ынталандырудың жаңа топтамасын наурыздың ортасына дейін кешіктіруі мүмкін. Осы факторлар дамушы елдердің валютасын әлсіреткен. Мәселен, өткен аптаның басында Мексика песосы 2 процентке, Оңтүстік Африканың ранды 0,5, Ресей рубльі 1,4 процентке төмендеді.

2021 жылы Қазақстанның ЖІӨ көрсеткіші 2,5% өседі

Биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнім көрсеткіші 2 жарым процентке өседі. Оған елде іскерлік белсенділіктің артуы, экспорттық тауарларға сұраныстың көбеюі және әлем экономикасындағы ахуалдың жақсаруы оң ықпал етеді.  Дүниежүзілік банктің сарапшылары осындай болжам жасады. Олардың айтуынша, көрсеткіштің жоғарылауына әсер ететін тағы бір фактор бар. Ол вакциналаудың жақсы нәтиже көрсетуі. Жалпы 2020 жылғы дағдарыс 2008 және 2015 жылдардағы дағдарыстан асып түсті. Яғни кеткен шығын көп. Коронавирус елдің ең негізгі табыс көзі саналатын мұнай бағасының төмендетті. Сондай-ақ туризм және сауда салаларын тұралатып тастады. Салдарынан елде кедейлік көрсеткіші 12-14 процентке жетуі мүмкін.

Ұлыбританияда көлік өндірісі 30% азайды

Ұлыбританияда автокөлік өндірісі 30 процентке кеміді. Бұл 1984 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Сарапшылардың айтуынша, өндірістің тұралауына әлемді әбігерге салған коронавирус әсер еткен. Десе де корольдіктің машина жасаушылары ішкі нарық үшін 171 мыңнан астам темір тұлпар құрастырды. Ал 749 мың, яғни 81 проценті экспортталған. Оның тең жартысы Еуропа нарығында қалды. Соңғы айда ғана автоконцерндер ішкі нарыққа арналған өндірісті 51 процентке арттырып, экспортты 11 процентке азайтқан. AutoAnalysis сарапшыларының есебінше, биыл Британия 1 миллион машина құрастырып, бұрынғы қалыпқа қайта келеді.

Тоқпен жүретін көліктің дәуірі жақындап келеді

Ал америкалық General Motors компаниясы 2035 жылға қарай бензин немесе дизельмен жүретін көлік шығарудан мүлде бас тартпақ. Қазір олар жасайтын темір тұлпардың 98 процентінің қозғалтқышы аталған жанармайларға арналған. Бұған дейін Компания басшысы Мэри Барра 2025 жылға дейін электрокардың 30 үлгісін шығаруға 27 миллиард доллар бөлген. Сондай-ақ кәсіпорындардың барлығын баламалы қуат көздеріне жалғауды жоспарлап отыр. Межеге жетуге Ultium технологиясы үміттендіреді. Жаңа жоба электрокарда қуат көзін 60 процентке үнемдеуге мүмкіндік береді. Олардың басымдығы осы болмақ. Айта кетейік, Жапония, Ұлыбритания және Канада сынды бірқатар мемлекет 2035 жылы қозғалтқышы бензин немесе дизельге арналған көліктердің сатылымына тыйым салмақ.

Зейнетақы қорынан қаржы алуға мүмкіндік берілгеннен кейін елде тұрғын үйге сұраныс арта бастады. Әзірге сауда қыза қойған жоқ. Бірақ бағасына қызығушылық танытып жатқандар көп. Сәйкесінше риелтордың қызметіне сұраныс артты. Нарық заңына сай, сұраныс артқан жерде баға өседі. Бүгін нарықтағы баға айдарында риелтордың қызмет ақысына шолу жасаймыз.

Негізінен риелотрлық қызмет ірі қалаларда қыз-қыз қайнап жатады. онда баға да бәсеке де жоғары. Мәселен елдегі ең ірі мегаполис Алматыда риелтордың ақысы 415 мың шамасында. Елордада 300 мыңнан келісесіз. Қарағандыда түрлі үйлерді ұсынып, құжатын рәсімдеуге көмектескен маманға 200 мың төлейсіз. Елдің көп бөлігінде пәтер бағасының белгілі бір процентін сұрайды. Мәселен, Шымкент пен Ақтөбеде риелторлық компаниялар 1 процентін алады.

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 424 теңге 22 тиын. Еуро 513 теңге 9 тиын. Ресей рубльі 5 теңге 56 тиын.

Хабар 24 телеарнасы