Қазақстанда қосылған құн салығын әкімшілендіруде Blockchain-технологиясы енгізілмек

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды.

Бюджет шығыстарын оңтайландыру және салықтық-кедендік әкімшілендіруді жақсарту жөніндегі шараларды күшейту туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады.

Қаржы министрлігі бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында:

республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын оңтайландырудың әдістемелік негізі әзірлейді;

мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесіне «Сатып алудың бірыңғай терезесі» сервисі қосылады;

мемлекеттік органдарды автокөлікпен қамтамасыз етудің жаңа нұсқасы әзірлейді;

дағдарысқа қарсы жұмсалатын қаражат тиімділігінің мониторингі мен бақылауды күшейтеді;

мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне талдау жүргізеді.

Е.Жамаубаев атап өткендей, бұл ретте осы жылдың 1 наурызына дейінгі мерзімде мемлекеттік және салалық бағдарламалардың көрсеткіштері мен нысаналы индикаторлары бөлігінде Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін мониторингтеу әдістемесіне ұсыныстар енгізу және ай сайын Қаржы министрлігіне мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру жөніндегі тиісті ақпарат беруді қамтамасыз ету қажет. 

«Осы шаралардың барлығы Мемлекет басшысының тапсырмаларын және жаңа бастамаларды қаржыландыру үшін қосымша ресурстарды анықтауға, сондай-ақ бюджеттік жоспарлаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді министр. 

Салықтық-кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге қатысты, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен ашылған жұмыс орындары және жұмысқа орналастырылған азаматтар туралы мәліметтерді электрондық түрде қабылдау қамтамасыз етіледі.

«Жақында бюджеттен, оның ішінде Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде қаржыландырылған мемлекеттік бағдарламалардың қатысушыларын қашықтықтан бақылау және талдау жүргізілді. Салықтық әкімшілендіруді оңайлату және жеңілдету бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Олар тауарларды бақылау жүйесін, тауарларға ілеспе жүкқұжаттар мен электрондық пломбаларды енгізуді қамтиды. Бұл контрагенттер арасындағы іске асырудың ашықтығын қамтамасыз етеді», – деді министр.

Бұдан басқа қосылған құн салығын әкімшілендіруде Blockchain-технологиясын енгізу жоспарлануда, бұл салық төлеуден жалтару тәуекелін айтарлықтай төмендетеді және қолма-қол ақша алу жөніндегі мәмілелерді қысқартады.

Қашықтан өзара әрекеттесуге негізделген ірі бизнестің көлденең мониторингі бойынша пилоттық жоба басталды.

Сонымен қатар жеке тұлғалардың мүлкі мен жеріне салынатын салықтар біріктірілді.

Көп пәтерлі тұрғын үйлердің меншік иелері үшін жер салығы алынып тасталды.

Сонымен қатар жеке тұлғалардың меншігіне салық төлеу ыңғайлы болу үшін «E-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасы әзірленді. Атап айтқанда, POS-терминал мен онлайн-бақылау кассалық машинасын қолданатын жеке кәсіпкерлердің салық есептілігін ұсынудан босату бөлігінде «E-Salyq-business» қосымшасы әзірленуде. 

«Жалпы алғанда, жеке кәсіпкерлерді тіркеу мен жабуды, салық есептілігін тапсыруды оңайлату, банк комиссиясын және фискалдық деректер операторларының қызметтеріне ақы төлеуді алып тастау көзделеді», – деді Е.Жамаубаев. 

Оффшорлық юрисдикцияларға транзакциялар бойынша оффшорлық алымды енгізуді қамтамасыз ету үшін уәкілетті органмен бірлесіп заңнамаға қажетті түзетулер пысықталуда. 

«Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін мемлекет шекарасындағы заңсыз сауда айналымына қарсы кедендік әкімшілендіруді жақсартуды көздейтін Кешенді бағдарлама әзірленетін болады», – деді министр.

Сонымен қатар бүгінгі таңда 100% электронды кедендік декларациялау жүзеге асырылды. «Бірыңғай терезе» және «АСТАНА-1» АЖ-і енгізілді, Тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалану басталды.  

«ҚХР-мен тауарлардың экспорттық декларацияларының мәліметтерін онлайн режимде алмасу жүргізілуде. Осыған ұқсас жұмыстар басқа елдермен де жүргізілетін болады. Арнайы займ шеңберінде 9 авто және 1 т/ж өткізу пунктін жаңғырту жоспарлануда», – деп түйіндеді қаржы министрі.