419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа құрылымы үш деңгейден тұратын болады

  • 110
  • UPD: 11:43, 02.02.2021
Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа құрылымы үш деңгейден тұратын болады primeminister.kz

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 29 қаңтардағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов пен ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндама жасады.

Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа құрылымы үш деңгейден тұратын болады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Бірінші деңгейдегі құжаттар елдің ұзақ мерзімді және орта мерзімді кезеңдегі даму пайымын айқындайтын болады: «Қазақстан-2050» стратегиясы, Жалпыұлттық басымдықтар, Ұлттық даму жоспары, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, Аумақтық даму жоспары.

Екінші деңгейдегі құжаттар өңіраралық және салааралық мәселелер бойынша жүргізілетін саясатты айқындайтын болады: салаларды дамыту тұжырымдамалары мен ұлттық жобалар.

Үшінші деңгейдегі құжаттар мемлекеттік органдардың, өңірлердің және квазимемлекеттік ұйымдардың даму жоспарларын қамтиды.

Жаппай цифрландыру, оның ішінде Data Driven Government платформасын енгізу арқылы жүзеге асыру мемлекеттік басқару жүйесін жақсартудың негізгі элементі болады.

Ұлттық халық санағы 2021 жылғы қазанда заманауи цифрлық технологияларды енгізіп, процесті автоматтандыру арқылы жүргізіледі.

Үкімет басшысы биылғы 8 ақпанға қарай Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында қарау үшін экономиканың сапалы әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар пакетін енгізуді тапсырды.

Ұлттық экономика министрлігіне Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікпен бірлесіп, бір апта мерзімде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жобасын пысықтау, 10 ақпанға дейін Жалпыұлттық басымдықтар мен елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарын қабылдау туралы жарлықтардың жобаларын енгізуді қамтамасыз ету, бір ай мерзімде Ұлттық жобалардың тізімін қалыптастыру тапсырылды.

Премьер-министр Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне және Бәсекелестікті қорғау агенттігіне екі апта мерзімде Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру жөніндегі келісілген ұсыныстарды енгізуді тапсырды.

Ұлттық экономика министрлігіне өзектендірілген аумақтық даму жоспарының жобасын Премьер-министрдің кеңсесіне биылғы 1 сәуірге дейін енгізу тапсырылды.

«Реформалардың жаңа пакеті қысқа мерзімді перспективада экономиканы қалпына келтіруге негізгі саясатты жедел қайта реттеуді қамтамасыз етіп, тұрақты әрі сапалы экономикалық өсу траекториясына шығуға жағдай жасауы тиіс», – деді А.Мамин.

Хабар 24 телеарнасы