Еркін экономикалық аймақтардың дамуына не кедергі?

Еркін экономикалық аймақ еркінситін жер емес.

Талапты орындамаған кәсіпкер жеңілдіктен қағылып қана қоймай, шығынды толық өтеуі тиіс. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осындай талап енгізуді көздейді. Бірақ бар гәп кәсіпкерлерде ғана ма? Экономистер бұл тұрғыда квазимемлекеттік ұйымдардың да үлесін азайту қажет дейді.

Тиімсіз еркін экономикалық аймақтар жабылуға тиіс. Әу бастағы мақсаттың дұрыс орындалмауы мемлекет басшысының сынына ілікті. Бүгінде межелі жобалар 52 процентке ғана орындалған. Мысалы, екі жыл бұрын құрылған «Түркістан» экономикалық аймағы. Мұнда әзірге ауыз толтырып айтар жобалар шамалы. Екі өндірістік парктің құрылысы аяқталмаған. Еркін экономикалық аймақтың кәсіпкерлер үшін тартымды болуына бірқатар кедергі бар.

Үмітай Қуатбай, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Коммуникациялардың жүргізілмеуі, яғни өндірістік парктің өзі тұрғызылған. Әлі күнге дейін коммуникация жүргізілмеген. Ол көбінесе әкімдіктің тарапынан болып табылады. Қаражаттың жетіспеушілігі. Өндірістік паркке орналастырылды. Шекарасын бекітті. Ішіндегі шарттардың бәрін бекітті. Алайда соңғы кәсіпорын тиісті түрде орналасуы үшін коммуникациялар жетіспейді. Ол мәселенің бәрі бюджетке келіп тіреледі.

Елде 13 еркін экономикалық аймақ бар. Олар әкімшілік кедергілерден, салықтан да босатылған. Сол себепті бюджетке кіріс түспейді. Бұл да кәсіпкерлерге деген сенімді азайтып тұр. Дегенмен жобалардың аз екені де жалған емес. Мысалы «Химпарк-Тараз» 8 жылда бір ғана кәсіпорынды іске қосты. Экономист Сапарбай Жобаев кәсіпкерлердің квазимемлекеттік ұйымдармен бәсекелесе алмайтыны да қол байлайтынын айтады. Бүгінде квазимемлекеттік ұйымдардың үлесі 55 проценттен асады екен.

Сапарбай Жобаев, экономист:

- Квазимемлекеттік кәсіпорындар дейміз. Барлық нәрсемен шұғылданады. Олар көп шұғылдану керек емес. Олар мемлекеттен жәрдем алып, мемлекеттің бюджетін алып, ақшасы істеп, кейін табыс таптық дейді. Мәселен, олар 2 трлн ақша алады да, кейін бір трлн салық төледік деп мақтанады. ЭЕА кәсіпорындар негізінен жекешелендірілген, шетелден өзінің жеке кәсібімен келген. Оларға әрине салықтық, кедендік жеңілдіктер берілгенімен, жаңағы мемлекеттен жәрдем алатын кәсіпорындармен бәсекелесе алмайды.  

Еркін экономикалық аймақтар үшін бөлінген 2 трлн теңге желге ұшқан. Президент осылай деді. Инфрақұрылымды дамыту үшін қосымша 340 млрд теңге бөлінген. Мемлекетке қайтқаны - 170 млрд теңге. Яғни мұндай жобадан пайда шамалы. Жеке инвестиция тарту да қиын. Енді мемлекет басқа амалын қарастырмақ. Әрбір инвесторға жеңілдік топтамасы инвестициялар көлемі бойынша түрлі мерзімге ұсынылатын болады. Үдеден шықпағандарға қатаң жауапкершілік жүктеледі.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Біз әрбір экономикалық аймақ бойынша талдау жүргіздік. Дамыған елдердің тәжірибесін зерделеп, мынадай жаңа тәсілдерді ұсынамыз. Бірінші әлемдегі табысты арнайы экономикалық аймақтардың тәжірибесін қарай отырып, жұмыс істеу мерзімін 49 жылға ұзартуды жөн деп санаймыз. Екінші арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарындағы қызмет түрлерінің басымдығын алып тастау және өңдеуші өнеркәсіптің барлық салалары мен секторлары үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Бұл үшін арнайы жол картасы дайындалатын болады. Кәсіпкерлерді тарту - басты мәселе. Ол үшін жерді ұзақ мерзімге иелікке беру қажет. Сапарбай Жобаевтың айтуынша, бұл кәсіпкерлердің тұрақты жұмыс істеуіне жол ашады

Мерей Мұратханқызы, Марат Диханбаев

Сондай-ақ...