ЕАЭО Египетпен еркін сауда аймағын құруға ниетті

Еуразиялық экономикалық одақ Египетпен еркін сауда аймағын құруға ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жуық айларда тараптар осы мәселеге қатысты келіссөзді қайта жалғастырмақ. Құжаттың кей бөлімдері аяқталса, енді бір тұстары бойынша сараптамалық жұмыстар жалғасуда. Ынтымақтастықтың келешегін Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі сараптап жатыр. Еуразиялық экономикалық одақ пен Қазақстан Африканың ірі экономикасын несімен қызықтырып отыр.

Еуразиялық экономикалық одақ пен Египет өзара ынтымақтастық мәселесін 2015 жылы қарастыра бастады. Ол кезде тараптарды Каир аумағында бірлескен өнеркәсіп ашу ісі қызықтырған еді. Себебі, Египет Араб және Африка елдері, Еуропалық одақ, Латын Америкасының бірқатар елі кіретін МЕРКОСУР-мен келісімдері бар. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ пен Африканың ірі экономикасы арасындағы еркін сауда аймағы уақыт еншісіндегі мәселе. Бес жылда тараптар келешек келісімшарт бойынша көп уағдаластыққа қол жеткізген. Мысалы, элекрондық сауда, кеден ынтымақтастығы және қаржы-техникалық кедергілерді жеңілдету бойынша келісімге келді. Тек ауқымды жобаны бекітуге коронавирус індеті кедергі болды.

Умм Пайрат, қаржы кеңесшісі:

- Бұл ірі келісімшарт. Жоба жүзеге асса, тараптар арасында сауда айналымы бірнеше есе артып, Еуразиялық экономикалық одақ Египет нарығына ғана шығып қоймай, Африкаға да жол ашылады. Ал бұл құрлықтың көптеген елі мақта-мата, көлік, ет және бидай сынды өнімдерді алуға мүдделі. Еркін сауда аймағы болса, түрлі жеңілдектер қолдануға мүмкіндік береді.

Каирдің іскер топтары Қазақстанға келешегі зор әріптес ретінде қарайды. Тараптар көп жылдан бері бірлесіп әрекет етіп келеді. Бірақ еркін сауда аймағы екі ел арасындағы сауда айналымды төрт есе арттырып, жаңа белеске көтереді. Қазір Каирге ыдысқа құйылған су жеткізу туралы келісімшарт бар. Ал Египет Қазақстандағы мыс кен орнын игеруді қалайды.

Хишами Гауфик, экономист:

- Египет үшін сіздің елдің қаржы саясаты өте тиімді. Қазақстанда экспорт үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Мысалы, жеңілдікпен несиелеу, тауарларды тасымалдау шығындарын жабу сынды экспорттық келісімді сақтандыру бар. Екі елдің бір-бірінен алыс жатқанын ескерсек, бизнесте мұндай жеңілдіктер өте маңызды.

Еркін сауда аймағы ашылса, Қазақстан Египетке 300 миллион доллардың тауарын жеткізе алады. Көптеген келісімшарт қол қоюға дайын. Ал Египет болса, біздің нарыққа сусындарды дәмдеуіштер, химиялық өнімдер, дәрі-дәрмек, азық-түлік және киім-кешек жеткізе алады. Мысалы былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 65 миллион доллар болды. Еркін сауда аймағы құрылса, бұл көрсеткіш еселене түспек.

Авторлары: Дмитрий Лукша, Светлана Брахмит, Амр Мурад