Алдағы 10 жылда Қазақстанның банк секторында 5-6 ұйым ғана қалуы мүмкін

Негізінен бұл ең ірі банктер болады. Ал шағын қаржы институттары біртіндеп жойылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнамызға берген сұхбатында экономист Арман Бейсембаев осындай болжаммен бөлісті. Бұл құбылыс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Ол Tengri Bank, «Азия кредит Банктің» лицензиясынан айырылуы, сондай-ақ «Жусан» мен «АТФ» банктердің бірігуі мысалында көрінеді. Сарапшының пікірінше, келесі кезекте – «Капитал банк». Аталмыш қаржы ұйымының қызметі келер жылдың күзінде тоқтайды дейді экономист. Оның айтуынша, бұл бұрынғы кеңес елдерінің банк жүйесіне тән құбылыс. Бұл кезеңде ең мықты деген қаржы институттары суырылып алға шығады. Алайда банк секторындағы бәйгемен қатар жүйедегі тәуекел деңгейі де өседі. Салымшылар ірі ойыншыларға кетеді. Осылайша, шағын банктердің қаржылық жағдайы одан әрі қиындай түседі. Бірақ бұл жүйеге үлкен қауіп жоқ дейді сарапшы. Шағын банктердің жабылуы тұтас қаржы жүйесіне қатты әсер етпейді. Тек салада өзге де тәуекелдер бар екенін ескеру керк дейді ол.

Арман Бейсембаев, экономист:

– Банк жүйесінде адамдар сапа мен тиімді қызмет көрсету жағын таңдайды. Салдарынан кейбір банктер зардап шегеді. Менің ойымша, өз тиімділігін арттыра алмайтын қаржы институттары саладан кету керек. Бұл қалыпты нарықтық жағдай. Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ банк санының азаюы бәсекелестікті төмендетеді. Әсіресе, ірі банктердің дамытуына кедергі кетіреді. Олар нарықта алдыңғы қатарда болуға, саладағы үлесі үшін күресуге, жаңа трендтер жасауға ынтасын жоғалтады.