Мұнай бағасы кезекті рекордты жаңартты

Брент маркалы қара алтын құнының баррелі қазір 64 долларға тақап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнаймен бірге дамушы мемлекеттердің валюта нарығы да оңалып келеді. Ұлттық ақшамыз теңге де бұл тенденциядан қалыс қалған жоқ. Отандық валюта сәлде болса тұрақталған сыңайлы.

Қазақстанда салықтық аптаға дайындық басталды. Яғни еліміздің заңды тұлғалары салық төлемдерін жабуға кіріседі. Сарапшылардың айтуынша, бұл кезең валюта бағамына оң әсер етеді. Осы аралықта теңге мен доллар бағамы бір процентке нығаяды.

Ақпанның аяғында теңге нығая түседі

Осы аптада Қазақстанда тоқсандық салық кезеңінің алдындағы дайындық басталады. 25 ақпанда еліміздегі заңды тұлғалар қосылған құн салығы, төлем көзінен корпоративтік табыс және экспортқа рента салықтары бойынша төлемдерін аяқтауы тиіс. Тізімде тағы бірнеше бағыт бар. Мысалы, қоршаған ортаға шығарылған зияды заттар үшін төлемдер, жер учаскелері мен су ресурстарын пайдалану бойынша өткен тоқсанда тіркелген төлемдерді заңды тұлғалар келер аптада жабу керек. Бұл ірі шикізат экспорттаушыларға да қатысты. Tengenomika телеграм арнасының сарапшылары салықтық кезеңнің теңге бағамына қалай әсер ететінін саралап көрді. Олардың мәліметінше, салық төлеуге дайындық пен төлеу басталған уақытта доллар мен теңге 1,1% нығаяды. Осылайша, айдың аяғында доллар арзандап, 413-415 теңгеге дейін төмендеуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, барлық салықтық кезеңдердің ішінде ақпандағы төлемдер отандық валюта бағамына оң әсер етеді. Сондықтан осы уақытта теңгенің тұрақтылығы байқалады.

Экономистер: Теңге бағамы биыл тұрақты болады

Мұндай болжаммен қаржы секторының сарапшысы Арман Бейсембаев та келіседі. Ол мұнай нарығындағы оң болжамдармен байланысты бір доллар 410-425 теңге аралығында сақталатынына сенімді. Тек жылдың ортасында ғана валюта нарығы аздап құбылады. Экономисттің болжауынша, жазға қарай мұнай бағасы 50 доллар төмендеуі мүмкін. Осыған байланысты, қазақстандық валюта да уақытша 430 теңгеге дейін әлсірейді. Бірақ бұл қысқа мерзімді құбылыс. Әлемдік нарықта елеулі оқиғалар тіркелмесе, іскерлік белсенділікті қалпына келтіру аясында жыл соңына дейін теңге бағамы тұрақты болады дейді сарапшы.

Өткен айда мемлекеттік бюджетке 490 млрд теңге салық түсті. Бұл 2020 жылға қарағанда 5,8% төмен. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, қазынаға құйылған салық түсімінің жоспары 104% орындалды. Оның ішінде республикалық бюджет 88% және жергілікті бюджет 137% орындалды. Бірақ жоспар өндіріс тауарларына қосылған құн салығы, корпоративті табыс салығы және импортқа қосылған құн салығы бойынша ең көп орындалмаған. Кірістердің төмендеуіне мұнай бағасының құбылуы мен тауар айналымының төмендеуі әсер етті делінген хабарламада.

Жалдамалы баспаналар 10% қымбаттады

Қазақстанда тұрғын үйлерді жалға алу құны қымбаттады. Кей өңірлерде баға 41% көтерілген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ауданы 45 шаршы метр бір бөлмелі пәтерді жалдау үшін биыл былтырға қарағанда 10 % көп төлейсіз. Тұрғын үй нарығындағы баға бір жылда шарықтап кетті. Мысалы, Түркістанда жалдамалы баспана құны 10%, ал Талдықорғанда 41% өскен. Жалға алу құны барлық өңірде әртүрлі.

Петропавлда бір бөлмелі пәтерді 60 теңгеге жалдауға болады. Оралда да асындай баспаналар 60 мың теңгеге жалға беріледі. Өскеменде аталмыш мұндай пәтердің құны айына 65 мың теңгеден басталады. Ал Түркістанда бір бөлмелі пәтерді 70 мың теңгеге жалға береді. Талдықорғанда уақытша баспананы тек 80 мың теңгеге жалдай аласыз. Ал Нұр-Сұлтанда бір бөлмелі пәтерді жалдау айына 100 мың теңге тұрады.

Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 416 теңге 87 тиын, еуро 505 теңге 83 тиын, рубль 5 теңге 59 тиын.