414,77 504.70 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жапонияда құрастырылған көліктер елімізге Қытай арқылы жеткізілді

  • 140
  • UPD: 22:44, 16.02.2021

Қазақстанға шығыстағы төте жол арқылы алғаш рет жапондық су жаңа «Тойота» және «Лексус» автокөліктері жеткізілді. 29 вагоннан тұратын коммерциялық жүкті «Еуротранзит» компаниясы «Алтынкөл» теміржол бекетіндегі терминалында қабылдады.

Өткен айда ғана Жапониядағы зауытта құрастырылған әйгілі «Тойота» мен «Лексус» автокөліктері елімізге Қытай арқылы жеткізілді. Шойынжолмен қысқа мерзім ішінде әкелінген  көліктерді  «Еуротранзит» компаниясының шекарадағы көлік-логистикалық орталығы  қабылдап алды. Бұл жердегі инфрақұрылым алдын-ала дайындалғандықтан, барлық процесстер жылдам әрі халықаралық талаптарға сай атқарылды.   

Сергей Зяблов, «Toyota Motor Kazakhstan» ЖШС Бас менеджері: 

- Осыған дейін жапондық  жаңа көліктер кемеге тиеліп, мұхитпен  Суэц  каналы арқылы Түркияға баратын.  Одан кейін Қара теңізбен Ресейге түсіріліп, жүк көліктеріне немесе поездарға қайта  тиеліп Қазақстанға жеткізілетін. Соның барлығына 80 күн кететін еді. Әрине өте ұзақ уақыт. Ал осы Қытай теміржолы маршрутымен  тасымалдау 35-40 күнге қысқарды. Қазір 220 көлік келді. 

Әлемдік автоконцернмен серіктес болу компания үшін үлкен мәртебе және зор жауапкершілік екені даусыз. Компанияның «Алтынкөл» бекетіндегі терминалы заманауи құралдармен жабдықталған. Өткізу мүмкіндігі кеңейтіліп, бір күнде Қытайдан келетін тауарлы жүк поездарының саны екі есеге артты.  

Ерлан Диханбаев, «ЕUROTRANSIT KTC» ЖШС Бас директоры:

- Бұл маршрут  еліміздегі диллерлік орталықтардың жұмысына өте ыңғайлы. Жобаны іске асыру арқылы біздің терминалда қосымша жұмыс орындары ашылды. Жалпы бұл маршрутпен көлік тасымалдау үшін екі жыл еңбек еттік. Жүкті  дұрыс қабылдап, түсіруді алдын-ала сынақтан өткіздік. Мамандарды оқыттық.  Жапония, Қытай тарапымен үнемі келіссөздер жасалды.  

ХІХ ғасырда Ұлы жібек жолының сауда керуені осылай жаңғыруда. Сапа, жылдамдық және уақытқа негізделген нарық талабы осындай. Енді бұл бағытпен жыл соңына дейін 2 мыңнан аса темір тұлпар жеткізілмекші.

Хабар 24 телеарнасы