427,15 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елдегі жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорын саны 40% азайып кеткен

  • 277
  • UPD: 18:34, 17.02.2021

Бес жыл бұрын 25 мың кәсіпорын болса, қазір 13 мыңы қалыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың өзі бәсекеге қабілетті емес. Себебі нарықты Түркия мен Қытайдан келетін тауарлар жаулап алған. Бұл мәселе бүгін Мәжіліс қабырғасында айтылды. Мәжілістің жалпы отырысында депуттар Үкіметке біраз сауал жолдады. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері бар.

Депутат Дания Еспаева жеңіл өнеркәсіп саласына нақты қолдау керек дейді. Әйтпесе, тұралай бастады. Шикізат тапшы. Ол Түркия елін мысалға ала отырып, жеңіл өнеркәсіп саласындағы дүкендерді субсидиялау мен салық жағынан жеңілдік жасауды ұсынды.

Ал депутат Ерлан Саиров ауыл тұрғындарының кәсібін үзбей қаржыландыру керек дейді.

Оның айтуынша, былтыр «Еңбек» бағдарламасымен ауылдықтарға 11 мыңнан астам несие берілген. Ал биыл қаржы көлемі екі есеге азайып, 5200 несие берілмек. Депутат осы мәселені көтеріп, Үкіметке сауал жолдады. Ауылдағы шаруаларға несие берудегі басты проблема-банктер кепілзатты қабылдамайды.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Пандемия кезінде кіші және орта бизнес объектілерінің біразы тоқтап қалды. Сондықтан бүгінгі таңда кедейшілікпен күресу, кедейшілікті болдырмау, ол мемлекеттің,Үкіметтің ең алдыңғы қатарлы жұмысының бірі болуы керек. Nur Otan партиясының бағдарламасында осы халықтың әлеуметтік деңгейін өсіру ең маңызды міндет деп қойылған. Ауылды микрокредитпен қамтамсыз ету, ауыл халқының бизнес білімін көтеру – кедейшілікпен күрестің негізгі мақсаты.

Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін бір жерде 6 ай тіркеуде тұру міндетті. Алайда әлеуметтік аз қамтылған жандардың баспанасы болмағандықтан, әр жерде пәтер жалдап жүреді. Салдарынан жәрдемақыдан қағылады. Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова атаулы әлеуметтік көмек беру жүйесіне өзгерістер керектігін айтады. Мүгедектігі бар жандарға да тіркеу бойынша талап қатаң. Уақытша тіркеуге отырғандарына әлеуметтік жәрдемақы берілмейді.

Ал жас депутат Мәди Ахметов студенттерге жатақхана жетіспейтінін айтады. Елде 80 мың студент жатын орынға қол жеткізе алмай жүр.

Мәди Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бағдарлама аясында Білім және ғылым министрлігіне 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап 75 мың орындық 184 жаңа жатақхана салу тапсырылған. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджет есебінен 118 млрд тенге қаржы қарастырылған. Әлеуметтік бастама жоспарға сай жүзеге асатын болса, жатақханаға мұқтаж студенттердің 85 пайызы орынмен қамтамасыз етіледі. «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының ақпараты бойынша соңғы 2 жылда ел аумағында 20 266 орындық 75 жатақхана пайдалануға берілген. Бұл жалпы көрсеткіштің тек 27 пайызы.

Депутат Аманжан Жамалов зейнетақы қорындағы жинақтың артылған бөлігін медициналық қызмет алуға жұмсау мәселесін көтерді. Айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі бұл істі баяу жүргізіп жатыр. Салдарынан салымшылар арасында түсінбеушілік көп.

Хабар 24 телеарнасы