Жыры бітпейтін жеңіл өнеркәсіп проблемасы тілге тиек болды

Жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорын саны 40 процентке азайып кеткен. Бес жыл бұрын 25 мыңы жұмыс істесе, қазір 13 мыңға жетер-жетпес.

Олардың бәрі бәсекеге қабілетті деуге келмейді. Өйткені нарықты Түркия, Беларусь және Қытайдан келетін тауарлар жаулап алған. Парламент Мәжілісінің депутаты Дәния Еспаева осы мәселені көтеріп, Үкіметке сауал жолдады.

Айтуынша, салада шикізат жетіспейді. Ал жоғарыда аталған мемлекеттердің үкіметі жеңіл өнеркәсіп саласын субсидиялайды. Депутат кәсіпкерлер үшін кедендік баж салығын төмендетуді сұрады. Ол отандық тауарларды қолдауға бағытталған «Қазбренд» бағдарламасы әлі күнге дейін іске асырылмағанын атап өтті.

Дәния Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазақстанда сауда орталықтарында жалға алу ақысының жоғары болуынан отандық тауарлар барлық сауда желілерінде нашар ұсынылған. Сондықтан бұл бұйымдардың түпкілікті құны  30-50 пайызға дейін арттырады. Соның нәтижесінде тауарлар көрші елдердің осыған ұқсас тауарларымен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Мемлекет пен квазимемлекеттік сектор тарапынан отандық тауарлар ұзақ мерзімде тұрақты сатып алу болған жағдайда ғана өндірушілер өндірісті сақтап қана қоймай, сондай-ақ оны  жаңғырту мүмкіндігіне ие болады.