Елімізде сертификатсыз қуаттау құрылғысын сатуға шектеу қойылады

Елімізде енді сертификатталмаған қуаттау құрылғыларын сатуға құқықтық шектеу қойылады. Оларды заңсыз сататындарға әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған. Бұл шара сапасы төмен қуаттау құралдарынан болатын қауіп-қатердің алдын алады дейді мамандар. Оқыс оқиғаға тап болмас үшін нені білмек керек?

Сенімді серігіңізге айналған смартфонды қуаттаудың өзіндік ережелері бар. Ол ережені бұзған жағдайда басыңызды қатерге тігуіңіз мүмкін. Осы орайда елорда тұрғындарының ұстанымын білу үшін қала көшелерінің біріне аттандық. 

БЛИЦ:

- Ол зарядкада түні бойы тұра ма?

- Да, болады. Ал телефонды зарядкаға қойып тұрып қолданасыз ба?

- Қолданамын.

- Ну безопасность надо же обеспечивать себе. Поэтому, нельзя никак на ночь оставлять.

- Телефонды зарядкаға қойып, қолдана береміз.

- Негізі бұның қауіпті екенін білетін бе едіңіздер?

- Видеоларды көрдік қой, осылай адамдар өртеніп кетті. Содан кейін қорқыныш пайда болды.

- Жиі қызып кете ме?

– Иә, қыза береді. 

Қызып кеткен телефонды қалыпты жағдай ретінде қабылдамаған жөн. Себебі қарапайым қауіпсіздік ережелері ескерілмей қалса оқыс оқиғаның орнауы бірден. Мұндай қайғылы жағдай былтыр Алматы облысында тіркелген. 15 жастағы мектеп оқушысы қуат көзінде тұрған телефонмен сөйлесемін деп көз жұмған. Ал қуаттағышты сақтықпен пайдаланған күннің өзінде оны қауіпсіз деп тануға асықпаңыз. Сапасыз құрылғының құрбанына айнала жаздаған Әсем сол күнді қорқынышпен еске алады.

Әсем Берікқызы, қала тұрғыны:

- Зарядканы алғанда маған сатушы бұл ең қымбаты, ең жақсысы, жаңа үлгідегі деп ұсынды. Шамамен 3500 тг алдым. Бірінші алған күні үйге бардым, соткамды зарядкаға қойдым, 5 минуттан кейін келіп соткамды қолыма алғанда қолымды тоқ тартты. Екіншіден, розетканың барлығы қап-қара болып күйіп кетті. Зарядканың өзі де атылып кетті.

Тұтынушы жарылып кеткен тауардан зақым алса, залалды өтеу бойынша талап қоюға құқылы. Егер сатушы тарапынан тиісті іс-әрекет жасалмаса, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің көмегіне жүгінген дұрыс.

Олжас Сейітбеков, тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы:

- Егер арызбен жүгінген жағдайда Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тарапынан жоспардан тыс тексеріс жүргізілетін болады. Тексерістің нәтижесінде егер сатушының бұзушылықтары дәлелденсе оған Әкімшілік кодекстің 190-бабына сәйкес тиісті айыппұл салынатын болады. Егер бірінші рет бұзылса, онда ескерту беріледі, әрі қарай 10 айлық есептік көрсеткіштен 50 айлық есептік көрсеткішке дейін.

Әйтсе де мамандар өнімді сатып алмас бұрын оның бірнеше ерекшеліктеріне зер салу керек дейді. Бұл оның қуаттау қабілетін арттырып, телефон қауіпсіздігін қамтамасыз ететін көрінеді.

Нұрбол Бисекеев, телефон жөндеуші:

- Мұны біріншіден салмағына қарап ажыратуға болады. Екіншіден, мына жерде эмблемасы бар. Значогы мен ішіне қарап ажырата аласыз. Қытайлық зарядканың іштері қисық орналасады. Ал оригиналы, сапалы зарядкалардың іші, кабель салатын жерлері жақсы орналасады.

Сонымен қатар құрылғы кабеліне де абай болған абзал.

Елжан Тоқтыбаев, телефон жөндеуші:

- Сапасы төмен зарядканың шнуры қаттылау болады. Ал оригиналы жұмсақ болады. Аяқ жағында жазуы мен нумерациясы бар. Мысалы, интернетке кіріп жазсаңыз ол сертифицированный товар деп тұрады.

Қуаттау құрылғылары міндетті сертификаттаудан өтуі тиіс. Бұл тауардың қауіпсіздігіне кепілдік береді. Сәйкесінше өнім «Төмен вольтті жабдықтар қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» туралы Кеден одағының техникалық регламенттеріне жауап беруі қажет.

Шыңғыс Сүйінбаев, техникалық реттеу және метрология комитеті қалалық департаментінің басшысы:

- Өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2020 жылы Сауда және интеграция министрлігі жаңа заң жобасын әзірледі. Заң 2021 жылдың 1 шілдесінде күшіне енеді. Жоба аясында түрлі сынақтар жүргізіледі. Сынақ нәтижелері бойынша өнім техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмесе, онда құқықтық шектеу шаралары қабылданады. Яғни өнімнің айналымына тыйым салынады деген сөз. Сонымен қоса сынақтан өтпеген тауарларды өткізу мен сатуға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменттері сынақтан өтетін өнімдерді арнайы сатып алады. Кейіннен олар аккредиттелген сынақ зертханаларына тапсырылады. Соның нәтижесінде комитет тиісті шара қолданады дейді маман.

Қайткен жағдайда да сақтану үшін қуаттағыштардың сапасын жіті назарға алу керек. Әрі қатерді болдырмау өзіміздің жауапкершілігімізден екендігін де ұмытпағанымыз жөн.