419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында азық-түлік бағасы шарықтап барады

  • 111
  • UPD: 22:10, 19.02.2021

Ақмола облысында азық-түлік бағасы шарықтап барады. Жұмыртқа, күнбағыс майынан бастап бірінші қажеттіліктегі тауар құны ай сайын еселеп өсіп жатыр дейді тұрғындар. Мұны құзырлы органдар да растап отыр. Алайда бүйірден қысқан қымбатшылыққа әзірге тосқауыл табылмай тұр.

Бұрын Көкшетаудағы орталық базарда сатылатын азық-түлік дүкендерден анағұрлым арзан болатын. Ал қазір жағдай басқа.

Зура Бижанова, қала тұрғыны:

- Әлі ештеңе алған жоқпын. Жаңа кірдім енді көрейін деп мында бағалар қандай деп. Жұмыртқа масқара қымбат. 470-480 теңге. Бұрын 380-360 болды. Мынау небәрі екі айдың ішінде 480 болып кетті.

Тауар бағасының күтпеген жерден көтерілуі сатушыларды да тығырыққа тіреді. 20 жылдан бері осы салада еңбек етіп жүрген Гүлнәр Баймұқанова тіптен кәсібін тоқтатуға ниетті. Өйткені бұрынғыдай табыс жоқ дейді.

Гүлнәр Баймұқанова, сатушы:

- Асқа қосатын дәмдеуіштен бастап, шайға дейін қымбаттап жатыр. Тоқтайтын түрі жоқ. Орташа есеппен әр тауардың бағасы 5-10 процентке өсті. Оның үстіне карантинге байланысты жексенбі жұмыс істемейміз. Саудамыз тұрып қалды. Тапқан табысымыз тек жалдап тұрған орнымыздың ақысын төлеуге жетеді.

Қазір қалада күнбағыс майының құны шарықтап кеткен. Жыл басынан бері ол 5 процентке өскен. Халық картоп пен пиязды да әдеттегіден 50-60 теңгеге қымбат алуға мәжбүр. Соңғы бірнеше айда құны еселеп өскен тауар түріне тұрғындар қантты да қосып отыр.

Гүлзира Мурзалина, зейнеткер:

- Ет алу керек, макароны, соның бәрі менің 56 мың пенсиям, 30 мыңы тамаққа кетеді. Бағаларды реттеу керек как-то. Жұмыртқа, самый проходимый, қантты кішкене түсірсе. Себебі күнде тамақ жегің келеді.

«Ет дегенде бет бар ма дейтін халықтың тәбеті де бұрынғыдай емес» деп налиды қасапшылар.

Ғалия Бұзаубасова, сатушы:

- Осы жолы қымбат болып тұр. 10 проценттей. Бұрынғыдай емес, ет алатын адам сейілді. Не все могут себе позволить.

Яғни баға ауыздықталмаса, негізгі азық көкшеліктердің дастарханнан көп ұзамай үзілетін түрі бар. Ал жеміс-жидек пен макарон өнімдерінен Арқа жұрты керісінше шектелмесе болады. Әзірге оларға қымбаттау қаупі төніп тұрған жоқ дейді сатушылар. Бәрінен бұрын қарақұмықтың құнын тұрақтандыру қиын болып тұр. Көтерме сауда кәсіпкерлері жуырда баға тағы өседі деп ескертті.

Көбентай Қайыркенұлы, жеке кәсіпкер:

- Шикізат тапшы болып жатыр, содан баға өсіп жатыр. Өйткені сұраныс көп, ұсыныс аз. Гречка аз шыққаннан кейін бағаны шикізатқа көтеріп жатыр. Сосын қарақұмықтың бағасы өсіп жатыр. Біз өзіміз қарақұмықты 370-тен алып жатырмыз. 

Ал құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, ырыққа көнбей тұрған баға көбіне өзге өңірлерден әкелінетін тауар түріне тиесілі.

Жасұлан Айдрахманов, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп  басқармасы басшысының орынбасары:

- Мәселен, күнбағыс майын алайық. Оны Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарынан және Ресейден тасымалдаймыз. Өндірушілер биыл шикізаттан тапшылық көрді, содан дайын тауардың бағасы да өсті. Қазір тұрақтандыру қорында күнбағыс майының 67 тоннасы бар. Оны тұрғындар төмен бағада әлеуметтік дүкендерден сатып ала алады. Қала бойынша мұндай дүкендердің саны үшеу, наурызда тағы біреуі ашылады. Жалпы қорда ұн, күріш, сүт өнімдері секілді халық жиі тұтынатын азық түліктің 1300 тоннасы бар. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ.

Жауаптылар нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға  қанша тырысқанымен қарапайым халық оны сезіп жатқан жоқпыз дейді. Базардағы баға күннен күнге өсіп жатыр.

Авторлар: Назерке Тоқжан, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы