Алматыға қойылатын 81 млн теңгенің туристік терминалдары өзін ақтай ма?

Алматыда туристер үшін ақпараттық терминалдар орнатылады. Қала қонақтары көп шоғырланатын аумаққа қойылатын сенсорлық тақталардың құны 81 миллион теңге. Жаңа технология мен смартфондар дамыған заманда терминалға деген сұраныс қандай?

Алматы қаласында туризм саласын дамыту үшін жыл сайын жаңа жобалар қолға алынып келеді. Соның бірі шет елдіктерге арналған ақпараттық терминал. Жобаның жалпы құны 81 млн теңге. Бұл қаражатқа бар болғаны 10 электронды терминал сатып алынады. Олар туристер көп жүретін жерлерге қойылады. Қалалық «Туризм басқармасының басшылығы терминалдар өзінің тиімділігін көрсетеді» деп отыр. 

Марат Айнабеков, қалалық туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Туристер келген кезде біз көп жағдайда олармен әртүрлі сауалнамалар жүргіземіз. Сол кезде анықтағанымыздай оларда біздің қаламызда болатын мобильдік қосымшалар туралы, оларда толық ақпарат жоқ. Сол себептен осындай стендттер оларға арнайы бір қосымша жүктемей, арнайы әрекеттер жасамай кез-келген стендттің жанына келіп, өзіне керегінше барынша ақпаратты алып, өзінің туристік бағыттарын осы арқылы жоспарлай алады.

Терминалды жасау, орнату бойынша конкурс 16 ақпанда жарияланған. Жоспар бойынша құрылғыда 20 тілде мәлімет болуы тиіс. Онда қаланың көрікті жерлері, тарихи нысандар, мәдени ошақтар мен қонақүйлер туралы ақпарат жүктеледі. Бұған қоса полиция, құтқару және жедел жәрдем шақыру қызметі қарастырылған. Бұл мәселеде қала тұрғындарының ойы екіге бөлініп отыр. Бірі жобаны қолдаса, екіншілер оның артық шығын екенін алға тартты. 

БЛИЦ:

- Менің пікірімше, бұл ақшаны тиімсіз жұмсау. Себебі қазіргі уақытта бізге экономиканы күшейту қажет. Бүгінде туристердің еш қиындықсыз саяхаттауына мүмкіндік беретін қосымшалар көп. 

- Келешекте туризм саласы дамып жатса туристерге ол ыңғайлы болуы мүмкін. Сол туризм саласын дамытуға үлесін қоса алады. 

- Ол қаражатты басқа затқа жұмсаған дұрыс, деп ойлаймын. Ондай ақапарт қазіргі заманда әркімнің ұялы телефоны бар, интернетке сала салауға болады. Бір секундта шығатын ақпарат.

Тұрғындар болса бұл қаражатты «әлеуметтік салаға, жолды жөндеуге жұмсаған дұрыс» деп санайды. Статистика бойынша Алматыға былтыр 163 мың шетелдік келген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 72 процентке аз. Ішкі туризм де 34 процентке азайған.

Авторлар: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов