Алматы облысында бал өндірісі өркендеп келеді

Ескелді ауданындағы тәтті шырын цехі өз өнімін Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркия нарығына шығара бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп, серіктестік еліміздегі бал экспортымен айналысатын бес компанияның қатарына еніп отыр.

Шағын цехта тәтті шырынның төрт түрі өндіріледі. Оны мамандар егістіктен, таулы аймақтан және орманды алқаптан жиналғанына байланысты сұрыптайды.

Виктория Сидельникова, зертхана қызметкері:

- Біз осы жерде балдың құрамын тексереміз. Мәселен, фруктозаға, лактоза және ылғалдылығын анықтаймыз. Кейбір шөптер балдың қышқылын арттыруы мүмкін. Соны қадағалаймыз. Маман ретінде айтарым, біздің елімізде өндірілген бал әлемде сұранысқа ие.

Кәсіпкерлер жергілікті және Алтай аймағының ара өсірушілерімен әріптестік байланыс орнатқан. Өткен жылы олардан қабылданған 100 тонна балды сүзгіден өткізіп, құтыларға құйды. Ал, биыл бұл көрсеткішті еселей түспек.

Руслан Кутлуков, цех басшысы:

- Біздің есебіміз бойынша жылына 2000 тоннаға дейін бал шығаруды жоспарлап отырмыз. Реті келсе, тәтті шырын мөлшерін одан да арттырамыз. Ол үшін толық мүмкіндігіміз бар. Техниканың барлығы автоматтандырылған. Мамандарымыз тек бақылап отырады.

Серіктестікке мемлекет тарапынан 2 гектар жер берілді. Онда оқу ғимаратын салу жоспарланып отыр. Сөйтіп, ара шаруашылығына ден қойғандарды оқытып, білікті омарташыларды тәрбилеп шығармақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов