Түркістан облысында құрылыс материалдары қымбаттап кетті

Ал тұрғын үйдің құны 40 процентке дейін өсті. Қажетті өнімнің 70 процентін сырттан тасымалдайтын құрылысшылар жергілікті биліктен бағаны тұрақтандыруды сұрады.

Түркістанда соңғы айларда құрылыс материалдарының бағасы 25-30 процентке бірақ көтерілді. Әсіресе арматура, төбеге қажетті металл жабындылардың бағасы аспандап кетті. Цемент 15, ал ішкі әрлеу жұмыстарының материалдары 17 процентке өскен. Салдарынан құрылыс компаниялары тығырыққа тіреліп, «шығынға шаш етектен баттық» дейді.

Арман Сейітов, құрылыс компаниясының басшысы:

- Биыл арматураның бағасы 30-40 процентке көтерілді. Одан кейін мынау қызыл кірпішті былтыр 33 теңгеден алған болсақ, биыл 56-57 теңгеден түсіп жатыр. Жабын төсемелер, сыртқы қасбеттің материалдары, жылу ұстағыш материалдардың барлығы 20-30 процентке көтеріліп кетті.

Өңірде құрылыс материалдарын өндіретін 50-ге жуық кәсіпорын бар. Бірақ олардың дені шағын болғандықтан сұранысты толық өтей алмайды. Мұның үстіне көбі қыс мезгілінде жұмысын тоқтатып қойған. Сондықтан өңірде құрылысқа қажетті өнімнің біразы сырттан тасымалданады. Ол өз кезегінде баспана бағасының шарықтауына себеп болып отыр.

Ғалымжан Төлегенов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Былтыр 160 мың теңгеден шаршы метрі болды тұрғын үйдің, ал қазіргі таңда 200-220 мың теңгеге шығып отыр нарықтағы бағасы. Мұнан бөлек жеке инвесторлар есебінен салынып жатқан үйлер олар өздерінің тағы құнын қосып, 240 және одан да жоғары нарыққа шығарып отыр өз бағаларын.

Қазір Түркістанда 122 нысан салынып жатыр. Мұның жартысына жуығы баспана. Жергілікті билік тұрғын үй нарығын қадағалау үшін арнайы мониторинг жасамақ.

«Осылайша бағаны негізсіз көтергендер болса қатаң жазалаймыз»,- дейді.

Данабек Махатов, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ТО бойынша департамент басшысының орынбасары:

- Қазір талдау жұмыстары жүргізіліп, сұраныс хаттар жіберілді. Талдау жұмыстары аяқталған уақытта заң бұзушылық әрекеттер байқалса, тергеу-тексеру амалдарын жүргіземіз.

Қымбатшылық құрылыс сапасына да әсер етпей қоймады. Екі жыл бұрын Түркістан қаласында бой көтерген көп қабатты тоғыз үйдің бәрі сапасыз болып шықты. Жергілікті билік жауапты мердігерге қайтадан жөндетіп, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестірді. Алайда оның екеуі әлі күнге дейін тапсырылмай отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы