Баспана бағасына қатысты байбалам қашанға дейін созылады?

Елде баспана бағасының тұрақсыздығы жыл соңына дейін сақталуы мүмкін. Қазақстан құрылысшылар одағы мамандары мен риелторлар осылай дейді. Сарапшылар пәтер құнына сырттан келетін жұмыс күші мен құрылыс материалдары әсер ететінін айтады. Сала мамандары құрылысқа субсидия сұрап отыр. Бұл баға саясатына қаншалықты тиімді?

- Қазір бум болып жатыр ғой сол недвижимость жағында. Сол бум пока бәрі неғылғанша сол қымбаттай беретін сияқты, шарықтай беретін сияқты.

- Депозитіңіз бар ма?

- Бар. Сол жинаған ақшаға банк үлесін қоссаңыз 1 бөлмелі пәтер алуға жеткілікті болады деп ойлайсыз ба?

- Навряд ли?

- Қанша жыл керек тағы?

- Жоқ дегенде 8-9 жыл.

- Қолжетімділігі жағынан өте қиын баспана. Өйткені қазір зейнетақыдан алып жатыр ғой бір бөлігін. Сондықтан соны әккі адамдар қолданып жатыр деп ойлаймын.

- Баға жоғарылап жатқанға байланысты, сіздің ойыңызша яғни пәтерді осы жылы алып қалу керек пе?

- Иә. 

Кей адамдар «биылдан қалмай пәтер алып қалу керек» десе, енді бірі «әліптің артын баққанды» жөн санайды. Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев түйткілді шешу үшін мемлекет араласуы тиіс дейді.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

- Біздің ұсынысымыз: осы уақытта құрылыс заттарының бағаларын ұстап қалу үшін салаға үкімет жақтан көмек керек. Қажетті азық-түлікке қалай субсидия беріледі, солай бізге де құрылыс саласына субсидия берілсе, тұрақты бағаны ұстап қалуға болады деп ойлаймын, солай сенеміз.

Маманның айтуынша, отандық құрылыс материалдары саладағы жалпы өнімнің тек 54 процентін құрайды. Қалған 46 проценті сырттан әкелінеді. Бұл да баға өсіміне айтарлықтай әсер етеді.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

- Әрине жылжымайтын мүліктің бағасы құрылыс материалдарына байланысты. Былтыр пандемия, локдаун кезінде сырттан әкелінетін құрылыс заттар қиындау болды да, құрылыс заттарының саны азайды да бағалар көтерілді. Қазіргі уақытта әлем пандемиядан кейін естерін жиып, зауыттар жұмыс істей бастағаннан кейін баға өсіп жатыр.

Қай кезде болмасын нарық заңдылығы үстемдік құрады. Тапшылық пен жоғары сұраныстың қатар келуі қазіргі жағдайға алып келді. Елордада шаршы метр құны шамамен 320-370 мың теңге аралығында, дейді риелторлар. 

Индира Сматаева, риелторлық компания өкілі:

- Елордадағы баға ешуақыт төмендеген емес. Мәселен, қазір баспана бағасы 10-15 процентке өсті. Жаңа пәтерлермен қатар екінші нарықтағы үйлердің де құны едәуір артты. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынған мүмкіндік те өзіндік әсер берді. Сатушы – бұл болашақ сатып алушы болғандықтан өз бағасын нарықтағы бағамен сәйкестендіріп қояды.

Былтыр карантинге байланысты мемлекеттік шекараның жабылғаны жығылғанға жұдырық болғаны рас. Сарапшылар жергілікті мамандардың жетіспеушілігі де баға саясатына кері әсер екенін айтады. Өткен жылы шетелден 29 мың жұмысшы келсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш шамамен екі есе көп болған.

Мирлан Алтынбек, Марат Диханбаев, Досхан Қораз