Қостанайдағы диірмен кешенінің қуаты он есеге артты

Биыл Қостанай облысындағы ұн экспорты 800 мың тоннаға жетеді. Шетелдік нарыққа шығатын өнімнің отыз проценті «Salamat» диірмен кешеніне тиесілі. Өндіріс қуаты жөнінен кәсіпорын Қазақстанда бірегей саналады. Өнім тек сыртқы нарыққа бағытталады. Ұн өндірушілердің шетелмен әріптестігін нығайтуда сауда және интеграция министрлігі, «Бәйтерек» холдингі мен «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы қолдау көрсетіп отыр.

Бұл кешен үзіліссіз жұмыс істейді. Тәулік сайын 1800 тонна ұн тартады. Өңделген астықтың кезекті легі Ауғанстанға жол тартпақ. Компания үшін бұл Орталық Азиядағы жалғыз шетелдік әріптес емес.

Эрзат Құрбанов, «Salamat» диірмен кешені директорының орынбасары:

- Біздің өнім Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты мемлекеттерде бұрыннан танымал. Ресейліктермен де келісім-шартымыз бар. Клиенттік базаны нығайтуда «KazakhExport»-тің жасап жатқан көмегі зор.

Отандық тауар шетел нарығында жоғары сұранысқа ие. Экспортталатын өнімнің басым бөлігі бірінші сұрыпты ұн. Межеленген өнімге қол жеткізу үшін    компания былтыр «Сбербанктің» қолдауымен өндіріс қуатын арттырған.

Эрзат Құрбанов, «Salamat» диірмен кешені директорының орынбасары:

- Сыйымдылығы 1200 тонна болатын кешен салдық. Ол Орталық Азия және Қазақстанда теңдессіз саналады. Сөйтіп өндіріс қуатын 10 есеге ұлғайттық. Біздегі жоғары технологиялы жабдықтар бидайды жуып, тазалап, үгеді.

Мұнда сапаға ерекше мән берілген. Оның көрсеткіштері мен нормалары күндіз-түні қадағаланады.

Динара Құрмантаева, зертханашы:

- Астық мемлекеттік стандарт бойынша сұрыпталады. Диірменнен, автокөлік және темір жолдан түсетін бидайға сағат сайын сараптамала жасалады. Ұнның қамырлы, иілмелі болуы бізге маңызды. Себебі бұл сапаның негізі саналады.

Өңірдегі ұн экспортының 30 проценті дәл осы диірмен кешенінің үлесінде. Кәсіпорынның алар асуы әлі алда. Болашақта шетелдік әріптестік аясын кеңейтіп, Қытай нарығында мықтап орнығу жоспары бар.

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров