Минскте ауыл шаруашылығына арналған бірлескен жұмыс тобының мәжілісі өтті

Минскте ауыл шаруашылық саласында екі жақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын белгілеу жөнінде Қазақстан-Беларусь бірлескен жұмыс тобының мәжілісі өтті.

Біздің елді сүт пен қант өндіру салаларын дамыту бойынша Беларусь тәжірибесі қызықтырып отыр. Қазақстандық делегация бұл елдің ірі өнеркәсіп кешендеріне барып, агроөнеркәсіп саласында өзара әрекет жөнінде келіссөз өткізеді. Өткен жылы азық-түлік пен ауыл шаруашылық өнімдері бойынша өзара сауда айналымының көлемі өсіп, 307 миллион доллардан асты. 

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Қазіргі кезде ауылшаруашылық техникасы бағытында Беларусьпен тығыз ынтымақтастық орнаған. Қазақстанда осындай техниканы шығаратын бірлескен кәсіпорындар бар. Сонымен қатар Қазақстанда қант өндіру саласын дамытып келеміз, бұл салада Беларусьтің тәжірибесі зор. Осы бағытта жұмыла еңбек етіп, бірлескен кәсіпорындар құрамыз деген үміттеміз.

Иван Крупко, Беларусь ауыл шаруашылығы министрі:

- Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін білікті мамандар қажет. Екі күн ішінде Бірінші сүт комбинаты, «Дзержинский» агрокомбинат, Минсктегі трактор зауыты мен Беларусь аграрлық университетіне барып қайтамыз. Университетте ғылым мен білім беру саласындағы ынтымақтастық бағыттарын әзірлейміз.