Елімізде өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі соңғы бес жыл бойы өзгермеген

Өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі соңғы 5 жыл бойы өзгермеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шамамен 11-12% көлемінде. Бұл мемлекеттік қолдауды тиімді қолдану қажеттігін білдіреді. Бүгін Cенатта салаға қатысты мәселелер көтеріліп, кеңінен талқыланды. Сенатор Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, қазір шикізат базасы әлсіреп, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттігі төмендеген. Мысал ретінде Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерді алға тартты. Олардың өңдеу саласындағы қуаты бізден әлдеқайда жоғары. Ал, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өз кезегінде жұмыс біртіндеп жолға қойылып жатқанын жеткізді. Кәсіпорындар былтыр 13 трлн теңгенің өнімін өндірген. «Бұл индустрияландыру басталғанға дейінгіден 4,4 есе көп», - деді министр.ф