Қ.Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің төртінші отырысы өтті

«Астана» халықаралық қаржы орталығындағы жиында шетелдік инвестицияны тарту жөніндегі шаралар кешені мен ел экономикасын дамыту жолдары талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпкерлерді қолдау тетіктері қаралды. Бүгінде күллі әлем пандемияның зардабын тартып отыр. 2020 жылы жаһандық тікелей инвестиция көлемі 42 процентке төмендеген. Мұндай жағдай дүние жүзінде соңғы рет ХХ ғасырдың 90-жылдарында болған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестицияны тарту мәселесіне айрықша тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Былтырғы жылдың тоғыз айында Қазақстандағы шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 12,6 млрд долларды құраған. Бұл 2019 жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 32 процентке төмен. Биыл бұл жағдай оңалады деген үміттеміз. Дегенмен пандемияға байланысты шетелдік инвестицияның көлемі төмен деңгейде сақталуы мүмкін. Сондықтан қазіргі инвесторлармен тиімді бизнес құрып, жұмыстың жүйелі түрде жүргізілуіне әрі экономикаға жаңа инвесторлар тартуға барынша жағдай жасау міндеті тұр. Бұл мәселені Үкіметке тапсырамын.