Квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар жөніндегі заң жобасы әзірленді

Елімізде Президенттің тапсырмасымен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар жөніндегі заң жобасы әзірленді. Қазір құжат мәжілістің қарауында. Депутаттар квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, заңгерлер, сарапшылардың пікірін ескеріп, талқылау жұмысын жүргізуде. Жаңа заңға сәйкес, сатып алулар ашық жүргізіліп, жемқорлық көрсеткіші еселеп төмендеуі тиіс.

Самұрық-Қазына қоры сатып алулар саласында енгізген жаңа жүйенің нәтижесін мәжілісте баяндады. Жаңа келісімдер аясында ашылған кәсіпорындардың кей өнімдері көрмеге қойылып, депутаттардың назарына ұсынылды.

Самұрық-Қазына қорының 3-5 жылға отандық кәсіпкерлермен оффтейк-келіссөздер бекітуі жергілікті өнім үлесін молайтты. Яғни әуелі тапсырыс алған компания тауарын қайда сатамын деп алаң болмайды. Қор осындай 89 оффтейк келісім орнатып, 280 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылған. Бір ғана трансформатор шығаратын отандық зауыт 200 адамды еңбекпен қамтыған. Кәсіпкерлер сатып алулардың жеңілдетілген режимі мен ашықтығынының маңыздылығын атап өтті.

Мәулен Жүсіпов, трансформатор шығарушы компанияның сатып алулар жөніндегі директоры:

- Қормен келісім арқасында зауыт құны 12 млрд теңгеге тапсырыс алды. Қазір жылына 120 трансформатор шығарамыз, 50 проценті елде қалады, қалғанын экспорттаймыз. Биыл да 6 млрд теңгеге ұлттық компаниялармен оффтейк келісім орнаттық.

Әзірге елімізде квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар бірнеше заңнамамен реттеліп отыр. Таяуда ұлттық компаниялар үшін сатып алулар ережесі бір заңда біріктірілмек. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин тиісті құжаттың сатып алулуардың ашықтығын, тиімділігін әрі жеңілдігін де қамтамасыз етуі тиіс екендігін атап өтті. «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы депутаттар алдында сатып алудың жаңа жүйесі туралы баяндады. Қор бір көзден сатып алу үлесін 5 есеге азайтып, бәсекелестік сатып алуды 6 есеге көбейткен. Сөйтіп, 3 жылда 410 млрд теңге үнемдеген. Ашықтық үшін келісімдер электрондық форматта жүргізіліп, нәтижесінде келіссөз орнату мерзімі 18 күннен 5 күнге азайтылған.

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы:

- 2020 жылы отандық кәсіпкерлермен сатып алу жасасу үлесі 83 процентке жетті, оған дейін 45 процент қана болған. Ал биылғы жылдың екі айында ғана 90 процентке жетіп үлгірді. Сатып алулардың жеңіл моделінің арқасында осындай оң көрсеткіштерге қол жеткізіп, қиындықтарды жылдам еңсеріп отырмыз. 

Жаңа заңда сатып алулардың негізгі қағидалары мен ережелері көрсетілмек. Бұл ұлттық компаниялар жұмысының ерекшеліктеріне байланысты себебі елімізде квазимемлекеттік сектор нысандары бірнеше саланы қамтиды. Ал сатып алуларды тым күрделілендіру компаниялардың қызметі мен инвестициялық тартымдылығана кері ықпалын тигізуі мүмкін. Әйтсе де олардың әрекетін бақылау мүмкіндігі заңда анық көрсетілуі тиіс, бұл жемқорлықтың алдын алуға сеп деп санайды депутаттар. Мәжіліс депутаттары сатып алулардың ашық болуына ерекше көңіл бөліп отыр. Жаңа заң отандық тауар өндірушілерге де қолдау көрсетуі тиіс. Құжатқа сай, электрондық дүкендердің біріктірілуі ұлттық компаниялардың тек қажетті көлемде ғана тауар алуына мүмкіндік бермек. Бұл ұлттық экономика үшін де, компаниялар мен отандық кәсіпкерлерге де ұтымды механизм болмақ. 

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

 - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына өз Жолдауында айтқандай, квазимемлекеттік сатып алу саласындағы ашық және тиімді процестер көптеген экономикалық сұрақтарды шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, отандық өндірісті және өз өнімдерімізді қолдауға жол ашады. Екіншіден, бұл  шағын және  орта  бизнеске көмек  болады. Осының барлығы жұмыс  орындарын сақтап,  әлеуметтік  жағдайды  да одан әрі дамытуға ықпал  етеді. 

Айта кетейік, бүгінде квазимемлекеттік секторда 20-ға жуық ұлттық компания мен 250-дей еншілес кәсіпорын жұмыс істейді. Елбасының тапсырмасымен әзірленген жаңа табыс саясаты бойынша ұлттық әл-ауқат қоры таза табысының 50 процентін үкіметке аударуы тиіс. Жаңа заңға сәйкес, ашықтық шығынды үнемдеп, табысты молайтуға жол ашады дейді қор өкілдері. 

Индира Жылқайдарова, Айбол Жұмағұлов, Жомарт Елеуов