AsiaCredit Bank АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтемнің 70%-іне жуығы төленді

2021 жылдың 3 наурызына қарай «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ 2 511 салымшысы жалпы сомасы 13,12 млрд теңгеге кепілдік берілген өтем алды.

Бұл Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының міндеттемелерінің жалпы сомасының 68,7 процентін құрайды, деп жазады kdif.kz.

Еске саламыз, агент банк ретінде таңдап алынған «Еуразиялық банк» АҚ арқылы «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» салымшыларына кепілдік өтем төлеу 2021 жылдың 24 ақпанында басталған болатын. Ол 2022 жылдың 1 мамырына дейін жалғасатын болады. Осы көрсетілген мерзім ішінде салымшылар агент банктің бөлімшелеріне барып, өтем алуға өтініш бере алады. Агент банктің барлық қалалардағы филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары және жұмыс істеу тәртібі www.eubank.kz ресми сайтында қолжетімді.

Салымшылар кепілдік берілген өтемді өздеріне ыңғайлы тәсілмен: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен, сол агент банкте банк шотын (карточка) ашу немесе кез келген басқа банкке аудару арқылы алуға құқылы.