Бакуде Қазақстан мен Әзербайжанның іскер қауымы өкілдерінің кездесуі өтті

Баку қаласында Қазақстан мен Әзербайжанның іскер қауымы өкілдерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосуда  пандемиядан кейінгі кезеңде экономикалық байланыстарды дамыту жолдары талқыланды. Карантиндік шектеулерге байланысты былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 37%-ке қысқарып қалған-ды. Енді қос тарап «Қазақстан – Әзербайжан» Іскер кеңесінің құрылуы бизнес қатынастардың дамуына септігін тигізеді деп үмітті.

Пандемия барлық елдің экономикасына ауыр тиді. Қазақстан мен Әзербайжанның іскер қауымы өзара саудада індетке дейінгі көрсеткіштерге жетіп, одан әрі ұлғайтуға ниетті. Қазақстан елшісі Сержан Әбдікәрімов дағдарысқа қарсы елімізде қабылданған шаралар жөнінде баяндап берді. Бұл шағын және орта бизнесті қолдау, Салық кодексіне түзетулер енгізу, мемлекеттік меншікті жекешелендіру, өндіріс пен ауыл шаруашылықты ынталандыру. Қазіргі жағдайға қарамастан, елдеріміз арасында жүк тасымалының көлемі өсіп келеді.

Талех Зиядов, Баку халықаралық теңіз айлағының директоры:

- Баку айлағындағы тауар айналымы 5 миллион тоннаға жетті. Оның 1 миллион 700 мың тоннасы Қазақстан үлесінде. Ол да 17%-ке артты. Пандемияға қарамастан, тап осы бағытта үлкен өсімді байқап отырмыз. Осы дәліз арқылы Қытайдан транзит көлемінің де өсетініне үміттіміз.

Қос тарап Баку, Ақтау мен Құрык теңіз айлақтарын цифрландыру бойынша да белсенді. Басқосуда «Шығыс – Батыс – Шығыс» көлік дәлізі бойынша жүк тасымалына бірыңғай тариф енгізу ұсынылды.

Әсет Асавбаев, Трасека ҮАК Тұрақты хатшылығының бас хатшысы:

- Контейнерлік тасымалдаудың тарифтерін белгілеу әдістемесін құрдық. Бұл тарифтерді белгілеуде барлық елге бірыңғай тәсіл әзірлеуге мүмкіндік береді. Біз бірыңғай басқарылатын бірлескен кәсіпорын құруды ұсындық.

Әзербайжанда қазақстандық капиталы бар 145 компания жұмыс істеп келеді. Жоғары сапалы тауарларды жеткізуге мүдделі жергілікті кәсіпкерлер қазақстандық бизнес-құрылымдармен қарым-қатынас орнатуды көздеп отыр. Қос тарап «Қазақстан – Әзербайжан» Іскер кеңесінің құрылуы бизнес қатынастардың ұлғаюына септігін тигізеді деп санайды.

Авторы: Айгюн Гасан